Еркін күрестен дәстүрлі турнирге дайындық

Еркін күрестен дәстүрлі турнирге дайындық

Еркін күрестен Қазақстан құрама командасы бұл күндері Польшаның Спала қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде, деп хабарлайды ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі.

Әсет Серікбаев баптайтын балуандарымыз шілденің 5-іне дейін дайындықтарын пысықтайды. Одан кейін 6-9 аралығында Варшава қаласында Вацлав Циолковский атындағы дәстүрлі халықаралық турнирге қатысады.

Ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаевтың айтуынша, оқу-жаттығу жиындарына 25 балуан қатысып жатыр. Құрама сапына еліміздің ең мықты деген балуандарының барлығы топтасқан.

Жалпы Циолковский Мемориалы Польша жерінде өтетін ең ірі халықаралық жарыстардың бірі. Бұл турнирге жыл сайын әлемнің ең мықты деген балуандары келеді. Әр салмақта бәсекелестік өте күшті. Соңғы жылдары турнирге Еуропа елдерінен бөлек АҚШ, Иран сияқты еркін күресі жақсы дамыған елдердің балуандары қатысып, турнирдің мәртебесін көтеруде.

Былтыр осы турнирде өнер көрсеткен балуандарымыздың арасынан 61 келі салмақтағы Дәулет Ниязбеков топ жарған еді. Бәсекелестіктің өте жоғары болатыны соншалықты Қазақстан құрамасының балуандары соңғы бес жылда қоржынымызға 3 алтын медаль ғана салыпты. Мәселен, 2012 жылғы турнирде 66 келіде күрескен Леонид Спиридонов жарыс жеңімпазы атанса, 2013 жылы 96 келіде Таймураз Тигиев жеңіске жетті. Былтырғы бәсекеде Дәулет Ниязбеков өзіне тең келер қарсылас таппады. Дегенмен, Циолковский турнирінде күміс пен қола медаль алған балуандарымыздың қарасы көп. 2012 жылғы турнирде Семен Семенов (84 келі) күміс медальға ие болса, Мақсат Дауылбаев (66 келі), Азамат Өміржанов (66 келі), Ақжүрек Таңатаров (74 келі), Ермек Байдуашев (84 келі), Дәулет Шабанбай (120 келі) сынды балуандарымыз Польшадан қола медальмен оралды.

2016 жылдың маусым айында өткен турнирде Дәулет Ниязбековтің алтын медалінен бөлек, 74 келіде ел намысын қорғаған Жігер Зәкіров қоржынымызға күміс медаль салды. Азамат Өміржанов (70 келі), Айдар Балданбаев (74 келі), Абдулхаким Шапиев (74 келі) және Мамед Ибрагимовтер (97 келі) Циолковский Мемориалында қола медальға ие болды.

Міне, Қазақстан балуандарының Циолковский Мемориалында жеткен жетістіктерінің бір парасы осындай. Әлем мықтылары бас қосатын алдағы додада балуандарымыз намысты қолдан бермес деген ойдамыз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или