WSB финалы Алматыда өтуі мүмкін
Бүкіләлемдік бокс сериясының финалдық жекпе-жегін өткізу құқығын Қазақстан жеңіп алса, кездесу Астанада болмайды. Бұл туралы «Астана Арланс» клубының бас менеджері қызметін атқарушы Саят Әбілдин айтты.
«Бүкіләлемдік бокс сериясының финалындағы «Cuba Domadores» командасына қарсы матчты өткізуге қатысты келіссөз жүріп жатыр. Ақтық жекпе-жек Қазақстанда өтуі мүмкін. Біз WSB финалына шығатынымызды білген жоқпыз. Ал ақтық сынға шыққан соң, финалды Астанада өткізіп, оны «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырғымыз келген. Бірақ финал өтетін уақытта Астанадағы спорт кешендері бос емес. Осылайша, біз Бүкіләлемдік бокс сериясының финалын өткізуге мүмкіндік алсақ, ол Алматыда немесе еліміздің басқа қалаларында өтуі мүмкін», - деді Саят Әбілдин «Литерге» берген сұхбатында.