Георгий Жуков: Дания құрамасы – топ команда емес
Алматылық «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Георгий Жуков Prosports.kz тілшісіне ӘЧ-2018 іріктеу кезеңіндегі Данияға қарсы матч жайлы айтып берді.
Алдымен «Халық командасының» футболшысы «Астанамен» өткен ойынды қорытындылады.
- Қарымта шабуылда жақсы ойнадық. «Астана» бірінші голды жіберген соң алға ұмтылған, біз болсақ олардың қорғаныстағы қателіктерін пайдаландық.
- Бұған дейін негізгі құрамда ойнадыңыз. «Астанамен» өткен матчта бірінші минуттан шықпағанына реніш болған жоқ па?
- Иә, реніш болды. Себебі әр футболшы мұндай маңызды ойынға бірінші минуттан алаңға шыққысы келеді. Бірақ маңыздысы – біз жеңіске жеттік.
- Алдағы уақытта Қазақстан құрамасын Данияға қарсы матч күтіп тұр. Қарсылас команданы зерттеп үлгердіңіздер ме?
- Алдағы уақытта бұл команданың ойынын зерттейміз. Жалпы бұл кездесуге дайындығымыз жақсы. Бұған қоса өз алаңымызда ойнаймыз.

- Өзіңізге Алматының «Орталық стадионында» ма, әлде «Астана – Аренада» ойнаған ұнай ма?
- Әрине, әр футболшы табиғи шөпте ойнағысы келеді. «Астана – Арена» стадионы да жақсы, алайда маған Алматыда ойнаған көбірек ұнайды.
- Дания құрамасынан кем дегенде бір ұпай алуымыз мүмкін бе?
- Әлбетте. Дания құрамасы – топ команда емес. Тіпті скандинавиялық ұжымды жеңіп кетуіміз де мүмкін.
- Жанкүйерлерге айтар сөзіңіз?
- Стадионға келіп, командаға қолдау көрсетіңіздер! Ұлттық құрамаға жанкүйер болыңыздар! Біз болсақ жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан құрамасы 10-шы маусым күні ӘЧ-2018 іріктеу кезеңі аясында Дания құрамасымен күш сынасады.