Әр облысқа тән спорт түрлеріне ғана қаржы бөлінеді
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, әрбір облысқа тән спорт түрін дамыту жоспарын жасақтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халық арасында облыстық бюджеттің көп бөлігі шетелдік футболшыларға жұмсалады деген наразылық бар. Бұл - өте орынды мәселе. Басқа спорт түрлері неге дамымайды? Сол үшін біз әрбір облыстың әкімдігімен бірігіп, бірыңғай тізім жасаймыз. Мысалы, Шығыс Қазақстанда қысқы спорт жақсы дамыған және Ольга Рыпакованың жетістігін ескере отырып, жеңіл атлетикаға да көңіл бөлінуі керек. Осындай тізім жасалып, облыстық бюджеттің қаражаты осыған қарай бағытталады.
Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысына ұлттық ойындарға негізгі басымдық беріледі. Осыған дейін өңірлерге бюджеттен дұрыс ақша бөлінбей келді. Айтып өткендей, бәрі футболға кетті. Енді тек қай спорт дамыған, соған ақша көбірек бөлінеді», - деп атап өтті министр.