Қанат Ислам төрешілер шешімімен жеңді
Бока-Работеде (АҚШ, Флорида штаты) өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде WBO Intercontinental и WBA Fedelatin чемпионы, қазақстандық Қанат Ислам мексикалық Норберто Гонсалеспен жұдырықтасты.
Боксшылар алғашқы раундтарды алма кезек шабуылмен өткізген, бірақ сәл басымдық Қанаттың жағында болды. Ал төртінші раундтан бастап, Ислам қарсыласына сериялық соққыларын бағыттады. Бірақ Гонсалес қорғаныста мығым болды. Қанат қанша шабуылдағанымен, қарсыласының қорғанысын аша алмады.
Соңғы раундтарда қазақстандық боксшы шабуылдарын күшейтті. Бірақ Гонсалес мүмкіндігінше уақыт созды. Осылайша, боксшылар 12 раунд бойы жұдырықтасты. Төрешілер шешімі бойынша, жеңіс Қанат Исламға берілді.
Қазақстандық боксшы бұл жекпе-жекте бәске тігілген WBO NABA және WBA Intercontinental титулдарын жеңіп алды.
Бұл Исламның кәсіпқой бокстағы 24-ші кездесуі болатын. Қанат оның бәрін жеңіспен аяқтады. Ал 19 жекпе-жекті мерзімінен бұрын тәмамдады.
Қанаттың қарсыласы Норберто Гонсалес үшін де бұл 24-ші жекпе-жекті болған. Мексикалық боксшы оның 9-шы рет жеңіліп отыр.
Айта кетейік, осы бокс кеші аясында қазақстандық Жанқош Тұраров та жекпе-жек өткізіп, қарсыласын үшінші раундта нокаутпен ұтқан болатын.