«Алматы Барысы-2017» турниріне арналған баспасөз мәслихаты өтті

«Алматы Барысы-2017» турниріне арналған баспасөз мәслихаты өтті

Бүгін, 24-ші мамыр күні, «Сұңқар» халықаралық шаңғы кешенінде «Алматы Барысы» турниріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында қазақ күресінің дамуы мен жарыс жайлы пікір айтылды. Естеріңізге сала кетейін, аталмыш жарыс 28-ші мамыр күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. 

Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев жарыс жайлы пікірімен бөлісті:

- Ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі шоқтығы биік қазақ күресі қазіргі күні жақсы дамып келеді. Ел арасында жақсы таралып, танымалдылығы артты. Балуандардың артынан еріп, «Қазақстан Барысы» атағын армандайтын бүлдіршіндер де көбейіп келеді.  Осы жарысқа мықты балуандар қатысады. Олардың ішінен ең білікті, ең мықтысы жеңімпаз атанып, ары қарай «Қазақстан Барысы» жарысына қатысады. Біз өз кезегімізде, осы «Алматы Барысы» жобасын қолда бар мүмкіндікті барынша пайдаланып, ұлттық нақышта жоғары деңгейде өткізуге, сайыстың әділетті өтуіне тырысып бағамыз. Әр ауданнан үш спортшыдан іріктеліп алынды. Енді олар қалалық деңгейде айқасқа түседі.

Демеушілермен ақылдасып, бірінші орынға автокөлік беріледі деп отырмыз. Екінші және үшінші орынға ақшалай сыйлық беріледі. Әзірге көліктің маркасы мен ақша көлемі белгісіз. Бірақ өткен жылдардағыдан кем болмайды, - деді Дөңбаев.

Алматы қаласы қазақ күресі Федерациясының бірінші вице-президенті Мақсат Кикимов бір жылда жеткен жетістіктерімен бөлісті.

- Бүгінгі күні қазақ күресі ел арасында сүйікті спорт түріне айналып үлгерді. Бұл спорт түрімен айналысатын алматылықтар саны артып келеді. Қазірдің өзінде 2000-нан астам балуан қазақ күресімен күнделікті айналысады. Олардың ішінде 250-ге жуығы кәсіби балуандар. Бұл спорттың танылуы үшін барлық жағдай жасалған. Қазақ күресі қалалық Федерациясының президенті Бауыржан Байбек Қыдырғалиұлы қолдауымен, қалалық қазақ күресі спорт клубы ашылды. Ондағы жаттықтырушылар мен 16 кәсіби спортшы еңбекақы алады. Сонымен қатар, олар бірыңғай брендтелген спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жылына төрт рет оқу-жаттығу жиынына барады. Оқушылар сарайында және «Алматы Аренада» екі жаттығу залы ашылған. Онда ересектер және балалар күресі дағдылары меңгеріліп, жетілдіріледі. Залдарда сапалы кілем, спорт жабдықтары, жаттығу құралдары, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар. Екіншіден, қалада ірі жарыстар ұйымдастырылды. «Алматы Аренада» тұңғыш рет халықаралық «Еуразия Барысы» тунирі өтті. «Халық Аренада» Қазақстан чемпионаты мен бас муфти кубогы, сонымен қатар студент барысы сияқты республикалық жарыстар ұйымдастырылды.  Нәтижесінде алматылық балуандар әртүрлі жарыстарда 97 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 35 алтын, 28 күміс, 34 қола медаль бар. Қазақстан чемпионатында Алматы қаласының құрамасы екі жыл қатарынан командалық есепте бірінші орын алды. Бес спортшымыз чемпион атанды. Бес республикалық жарыста 31 медаль алды. Ағайынды Қырғызбаевтар әлем чемпионы атанды. Өткен жылы Виктор Демьяненко «Қазақстан Барысы» жарысында «көрермендер көзайымы» атанып, 1 милллион теңге ұтып алды. Қазіргі күні біз «Қазақстан Барысы» жарысында бірінші орын аламыз деп үміттенеміз. Балуандарымыз жеңімпаз белбеуін Алматыға алып келеді деп сенеміз, - деді Кикимов.

Жарыстың мәдени шарасына жауапты продюсер Дарын Рахимов аталмыш жарыстың көркемдік әрлеуі қалай жүретіні жайлы айтып өтті. 

- Үлкен іс-шараның ашылу, жабылу салтанаты мен мәдени көркемдеуді бізге сеніп тапсырғанына қуаныштымын. Продюсер ретінде соңғы төрт-бес жыл ішінде қазақ күресіне БАҚ, жастар тарапынан және халықтың қызығушылығы артып келетінін байқадым. Біз осыған дейінгі шаралардың барлығын қарап өтті. «Алматы Барысы» турнирінің ашылуын жаңа техноголиялармен тарихты байланыстыратын көрерменге жаңа шоу ұсынамыз деп ойлаймын. Қазір мен құпияның бетін ашып, айтпай-ақ қояйын. Жарыс күні көрермендер өз көзімен көреді, - деді продюсер. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или