Үш балуанымыз Азия чемпионатының финалына шықты
Үндістанның Нью-Дели қаласында грек-рим күресінен Азия чемпионаты басталды. Жарыстың бірінші күні бес салмақ дәрежесі (66, 75, 80, 98, 130) бойынша медальдар сарапқа салынды.
66 келіде Қазақстанның намысын Алмат Кебіспаев қорғауда. Турнирдің фавориті саналған Алмат жарысты ширек финалдан бастады. Отандасымыз алғашқы қарсыласы қытайлық Донгтан айласын асырса, жартылай финалда жапониялық Такахсимен күш сынасты. Танымал балуанымыз қарсыласын тәжірибесінің арқасында ұтып, финалға жолдама алды. Алмат финалда солтүстік кореялық балуан Пангпен тартысқа түспек. Айта кететін жайт, бұл салмақтың басты жұлдызы саналатын қандасымыз Елмұрат Тасмұратов (Өзбекстан) финалға шыға алмады.
75 келіде соңғы ел чемпионатында топ жарған Мақсат Ережепов те финалға шықты. Мақсат алғашқы кездесуінде қытайлық спортшыдан ұтылып жатып, намысты қолдан бермеді. Қарсыласын бес ұпайлық әдіске тастаған жерлесіміз ширек финалға жолдама алған еді. Мақсаттың финалдағы қарсыласы кореялық Д.Пак болмақ.
80 келіде Даниял Гаджиев ширек финалда тәжікстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңген еді. Алайда жартылай финалда ирандық Тахерисартаннан айласын асыра алмады. Нәтижесінде Лондон Олимпиадасының жүлдегері үшінші орын үшін белдеседі.
Ерұлан Искаков 98 келіде алғашқы белдесуінде ирандық спортшыдан басым түссе, ширек финалда алаң қожайынын тізе бүктірді. Өкінішке қарай, Ерұлан жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, қола медаль үшін тартысқа түсетін болды.
Аса ауыр салмақта ел намысын қапшағайлық спортшы Дамир Күзембаев қорғауда. Турнирді жартылай финалдан бастаған жерлесіміз өзбекстандық балуанды жеңіп, финалға жолдама алды. Оның финалдағы қарсыласы ирандық Мехдизадех болмақ.
Айта кетейік, финалдық кездесулер Астана уақытымен сағат 18:30-да басталады.