Кіші Чавес: Головкин Альварестен әлдеқайда мықты
Мексикалық боксшы кіші Хулио Сезар Чавестің пікірінше, оның отандасы Сауль Альвареске қарағанда қазақстандық Геннадий Головкин өте мықты.
«Канелода Головкинді жеңетін мүмкіндік бар деп ойлайтынмын, бірақ қазір ойымды өзгерттім. Себебі Канело GGG-мен спарринг өткізді, оның бар қуатын сезінді. Оны жеңетіндей әсерде емес екенін түсінді, өйткені оның денесі Головкиннен кіші. Геннадий, расымен де, тамаша боксшы. Олимпиаданың күміс медалін алған, күш-қуаты да мығым. Боксшы ретінде ол Альварестен мықты, физикалық дайындығы да жақсырақ. Ол нағыз орта салмақ боксшысы саналады», - деді кіші Чавес ESNews-ке берген сұхбатында.
Айта кетейік, Головкин америкалық Дэниэл Джейкобсты, ал Альварес кіші Чавесті жеңетін болса, қыркүйекте осы жеңімпаздар кездеседі деп күтілуде. Наурызда Головкин өзінің қарсыласын ұтып алды. Ал Канело мен Чавестің жекпе-жегі 6 мамырда өтеді.