Головкин бір жекпе-жек үшін қанша табыс табады?
Prosports.kz сайты ең танымал қазақстандық боксшының қанша миллион табыс тапқанын есептеді.
Соңғы төрт жылда жерлесіміз табысын 10 есе көбейткен. 2013 жылдың қаңтар айында Габриэль Росадоға қарсы өткізген жекпе-жегі үшін GGG 350 мың доллар сыйақы алған. Артынша, британиялық Келл Брукқа қарсы кездесу Генаға 4 миллион еуро табыс әкелді. Бұған қоса 2016 жылдың сәуір айында Уэйдке қарсы жекпе-жекте Геннадий екі миллион доллар алды. Нәтижесінде алты миллион доллар табыс тапқан отандасымыз өткен жылы ең көп сыйақы алған боксшылар тізімінде үздік үштікті қорытындылады.
2016 жылы боксшылар арасында филиппиндік Мэнни Пакьяо ең көп табыс тапқан болатын. Екі кездесу үшін ол 24 миллион доллар иемденді. Екінші орын Сауль «Канело» Альварестің еншісінде (6,5 миллион доллар).
Әрине, бұл көрсеткіштерді 2015 жылы өткен бокс тарихындағы ең табысты кездесумен салыстыруға келмейді. Ол кезде Мэнни Пакьяо мен Флойд Мейвезер өзара жекпе-жек үшін жарты миллиард қаржы иемденген еді. Нақтырақ айтсақ, кіші Мейвезер 300 миллион алса, ал Пакьяо 180 миллион қаржымен үйіне оралды.
Головкин болса Альвареске қарсы кездесуде 20-25 миллион доллар табыс табуға мүдделі. Айта кететін жайт, бұған дейін «Канелоның» командасы Головкинге 15 миллион сыйақыға жұдырықтасуды ұсынған (қалған табысты Оскар Де Ла Хойяның Golden Boy Promoutions компаниясы өзіне қалдырғысы келген), ал GGG бұл ұсыныстан әділетті түрде бас тартты. Америкалық Дэниел Джейкобспен өтетін алдағы айқаста қарағандылық боксшы 3-5 миллион доллар табыс көрмек.
