Бекман Сойлыбаев 10-шы жеңісіне қол жеткізді
Калифорнияның Тустин қаласында қазақстандық Бекман Сойлыбаев пен мексикалық Герман Мераз арасында жекпе-жек аяқталды.
Жекпе-жек бойы Бекман басымдыққа ие болып, көптеген жойқын соққылар өткізді. Ал Мераз мексикалық стильге жат екінші нөмірмен жұдырықтасты. Нәтижесінде төрешілер жеңісті Сойлыбаевқа берді – 60-54, 60-54, 59-53.
Бокс кешін ұйымдастырушылар қазақстандық боксшыға естелік ретінде чемпиондық белбеу табыстады.
«Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Әрине, Меразды нокаутқа жібергім келді. Бірақ ыңғайсыз қарсылас тап болды, рингті айнала қашты, ал басы цементтен жасалғандай (күліп). Соған қарамастан, алты раунд шыдап, кездесудің осылай аяқталғанына қуаныштымын. Келесі жекпе-жекте он раунд шыдай аламын», - деді Бекман.
Бұл Сойлыбаевтың кәсіпқой бокстағы оныншы кездесуі болатын. Ол бәрін де жеңіспен аяқтады. Төрт жекпе-жекті нокаутпен бітірген.