Фируза Шарипованың жарақатына байланысты жекпе-жек кейінге шегерілді
Фируза Шарипова жарақатына байланысты 1-ші сәуірде жекпе-жек өткізе алмайды. Бұл туралы АllFight.Ru порталына Сергей Заавилейский айтқан.
«Өздеріңіз білетіндей, біз 1-ші сәуір күні жекпе-жек өткіземіз деп күткен болатынбыз. Бірақ Фирузаның осыған дейінгі кездесу алдындағы жарақаты жоспарымызды өзгертуімізге мәжбүрледі. Әрине, Фирузаға демалу керек. Біз енді тәуекел ете алмаймыз. Жекпе-жектен кейін Фируза Спорттық медицина клиникасында тексерістен өтті. Бақытымызға қарай, жарақаты ауыр емес. Бірақ бізге дәрігерлер 21 күннің ішінде спарринг жасамағанымыз дұрыс деп айтты. Ал, спаррингсіз кездесуге толыққанды дайындала алмайсың. Сондықтан да келесі жекпе-жек 22-ші сәуірден кейін ғана мүмкін болады», — деді Сергей Завилейский.
Естеріңізге сала кетейін, 4-ші наурыз күні Балашихте өткен кездесуде Фируза Шарипова Юлия Чернобородованы төрешілердің шешімімен жеңген болатын. Айта кету қажет, қазақстандық рингке мұрны сынған күйде шыққан.