Қай жағдайда GGG – Канело кездесуі өтпеуі мүмкін
Қазақстандық Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер GGG мен Сауль Альварес жекпе-жегінің келіссөзі қалай өтіп жатқанын айтты.
«Әлі де келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мұнда екі «мәселе» бар. Геннадий наурызда, Канело мамырда өз жекпе-жектерін жеңуі керек. Егер бұлай болмаса, кездесуді жоспарлаудың мәні жоқ. Менің жоспарлағаным маңызды болмай қалады. Бірақ Канело дайын болып, Golden Boy келісім-шартқа отырамыз десе, біз де дайынбыз. Менің жұмысым – алға қарай қарау», - деді Леффлер.
Айта кетейік, Альварес Чавесті, ал Головкин Дэниэл Джейкобсты жеңсе, боксшылар биыл қыркүйекте кездеседі деп күтілуде.
Ал Головкин - Джейкобс кездесуі 18 наурызда Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden аренасында өтеді. Бұл бокс кешін «Қазақстан» мен KazSport телеарналары көрсетеді. Головкиннің жекпе-жегі наурыздың 19-да Астана уақытымен сағат 08:00-де басталады.