Сойлыбаев: «Де Ла Хойя Қазақстаннан екенімді білген кезде, елең етті»
Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде WBC тұжырымының Еуразия және Мұхит аралдары аймағының чемпионы, сондай-ақ, WBA тұжырымының Америка чемпионы Бекман Сойлыбаев алдағы кездесуі жайлы айтып берді. Бұл туралы Diamondring хабарлады.
Айта кетейік, Сойлыбаев өзінің кәсіпқой бокстағы келесі жекпе-жегін 10 наурыз күні АҚШ-тың Тустин қаласында өткізеді.
«Негізі Масиасқа қарсы дайындалып жүргенмін. Әлсіз және мықты жақтарын зерттей бастағанбыз. Бірақ соңғы сәтте қарсыласымың ауысатындығы белгілі болды. Әзірге кіммен жұдырықтасатындығымды айта алмаймын. Ол да тәжірибелі, шебер боксшы болуы тиіс. Неде болса, алдағы жекпе-жегім сегіз раундтан тұрады. Бірақ, менің чемпиондық белбеулерім сарапқа салынбайды. Чемпиондық атақтарымды одан кейінгі айқастарда қорғаймын», - деді Сойлыбаев.
Бүгінде отандасымыз Лос-Анджелесте жаттығу өткізіп жатыр.
«Осында Wild Card West бокс залындамыз, - дейді қазақстандық боксшы. – Мұндағы жаттықтырушым Эрик Браун. Көбіне физикалық дайындыға көңіл бөледі. Күнделікті өміріміз жаттығумен басталады. Спарринг те өткізіп тұрамыз. Мықтылардан WBA тұжырымындағы әлем чемпионы Скотт Куиггпен шаршы алаңда жұдырықтастық. Видеоға түсіріп алғанбыз. Бірақ Куиггтің командасы еш жерде жарияламауымызды сұрады».
Сондай-ақ, Сойлыбаев мексикалық Сауль Альварестің промоутерімен кездескенін де айтып өтті. Оскар Де Ла Хойя туралы сұраққа былай жауап берді: «Негізі боксқа байланысты басқа шаруаларымен келген екен. Жаттығуымызды сырттай біраз бақылады. Содан кейін бапкерім Эрик Браун екеумізді таныстырып, менің Қазақстаннан екенімді айтқан еді, елең ете қалды. Біздің елді жақсы біледі ғой».