Азия ойындарына шолу
19 ақпан күні Саппоро қаласында (Жапония) VIII қысқы Азия ойындарының жалауы желбірейді, деп хабарлайды prosports.kz.
Жалпы Азиада ойындарын Жапония төртінші мәрте қабылдайды. 11 ақпанда Алматы қаласында қазақстандық делегацияны Жапонияда өтетін VIII қысқы Азия ойындарына салтанатты шығарып салу рәсімі өткен болатын. Бұл мерекелі іс-шарада біздің ту ұстаушымыз - шаңғышы Ердос Ахмадиев спортшылар атынан ант оқып, жеңіспен оралуға уәде берді.
2011 жылғы VIІ Ойындарда жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Азия ойындары өткен барлық уақыт ішінде кешенді жарыстар төрт елде өтті. Олар: Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея және Қазақстан. Ойындар Жапонияда төрт рет, Қытайда екі мәрте және Корея мен Қазақстанда бір-бір рет жалауын желбіретті.
2017 жылғы Саппоро қаласында өтетін Ойындарда спорттың 11 түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Біздің команданың құрамында Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева (мәнерлеп сырғанау), Роман Креч, Денис Кузин, Екатерина Айдова, Дмитрий Бабенко (бәрі - конькимен жүгіру спорты), Дмитрий Рейхард (фристайл-могул), Алина Райкова, Галина Вишневская (екеуі де - биатлон), Николай Чеботько (шаңғымен жүгіру), Айдар Бекжанов (шорт-трек), Марат Жапаров (шаңғымен тұғырдан секіру) сынды атақты спортшыларымыз бар. Ашылу салтанатында ту ұстаушы, шаңғы жарысынан Қазақстанның 5 дүркін чемпионы Ердос Ахмадиев Қазақстан спорттық делегациясын бастап шығады.
Айта кетейік, 2014 жылғы Сочидегі Олимпиадада да Ердос Қазақ елінің туын көтеріп шыққан еді. Жалпы Қазақстан құрама командасының осы ойындарда барлық 11 спорт түрі бойынша 116 спортшысы қатысады.