Қазақстанның ең үздік бес боксшысы

Қазақстанның ең үздік бес боксшысы

Кәсіпқой бокста Қазақстан намысын қорғап жүрген жетекші бес боксшымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

5. Қанат Ислам

Туған жері: Алтай, Қытай

Жасы: 32

Салмақ дәрежесі: Бірінші орта салмақ (69 келі)

Жекпе-жектер көрсеткіші: 22 (18КО) – 0

b09eb60ff6035440d3a910b98cc8cc8a.jpg

Қытайда туған қазақ баласы Қанат Ислам кәсіпқой бокста 22 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Тіпті 18 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Бірақ көбінде оның қарсыластары әлсіз боксшылар болатын. Тек соңғы жекпе-жегінде Алматыда «Қазақ» мықты ганалық боксшы Патрик Аллотеймен жұдырықтасып, ұпай шешімімен жеңіске жеткен еді. Бұл кездесу қандасымыз үшін өте тартысты өрбіді. Қазіргі таңда, Қанат бразилиялық былғары қолғап шебері Робсон Ассиске қарсы кездесуге дайындалуда.

4. Иса Ақбербаев

Туған жері: Қостанай, Қазақстан

Жасы: 33

Салмақ дәрежесі: Бірінші ауыр салмақ (90 келіге дейін)

Жекпе-жектер көрсеткіші: 18 (13КО) – 0

624db517afcad00333496b04e8ecb0e3.jpg

Геннадий Головкиннің жақын досы Иса Ақбербаев кәсіпқой бокста сегіз жыл ішінде 18 кездесу ғана өткізіпті. Барлық жекпе-жектерін жеңіспен аяқтаған. Нокауттар саны – 13. Соңғы кездесуін Иса былтыр Алматыда өткізіп, германиялық былғары қолғап шебері Майк Курзевельді нокаутпен ұтқан болатын. Исаның шаршы алаңға сирек шығатынын ескерсек, оның чемпиондық кездесуін әлі ұзақ күтетін сияқтымыз.

3. Бейбіт Шүменов

Туған жері: Шымкент, Қазақстан

Жасы: 33

Салмақ дәрежесі: Бірінші ауыр салмақ (90 келіге дейін)

Жекпе-жектер көрсеткіші: 17 (11КО) – 2

Чемпиондық титулы: WBA Regular

e9a59c89560ecd6513efe47230caf250.jpg

Тағы бір сирек жұдырықтасатын боксшымыз – Бейбіт Шүменов. Алайда соған қарамастан, Шымкент тумасы WBA Regular чемпиондық титулына ие. Бұл атаққа отандасымыз былтыр қол жеткізді. Америкалық Джуниор Райтпен кездесуде Бейбіт техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Бұған дейін жартылай ауыр салмақ дәрежесінде WBA тұжырымы бойынша чемпион болған Шүменов жаңа салмақта да туры осы белбеудің иегері атанды. Бірақ айта кетер жайт, Бейбіт толыққанды чемпион емес, себебі WBA тұжырымының суперчемпионы – ресейлік Денис Лебедев. Тек ресейлік ұтқан соң Шүменов нағыз чемпион болады.

2. Жанат Жақиянов

Туған жері: Петропавл, Қазақстан

Жасы: 33

Салмақ дәрежесі: Аса жеңіл салмақ (53 келі)

Жекпе-жектер көрсеткіші: 27 (18КО) – 1

Чемпиондық титулы: WBA Super, IBO

9500c63210ec8677180af15260b97d38.jpg

Толыққанды әлем чемпионы деп айта алатын боксшымыз – бұл Жанат Жақиянов. Қызылжардың тумасы жақында ғана америкалық Роуши Уорренді ұтып, одан екі чемпиондық белбеуді тартып алған болатын. Осылайша, Жақиянов Головкиннен кейінгі екінші әлем чемпионы атанды. Ал жалпы Қазақстан тарихында – төртінші чемпион. Жиров, Шүменов және Головкиннен кейін. Жанаттың кәсіпқой рингте тек бір ғана жеңілісі бар екен. Кәсіпқой мансабының басында «ZZ» ресейлік Сахиб Усаровтан жеңілген.

1. Геннадий Головкин

Туған жері: Қарағанды, Қазақстан

Жасы: 34

Салмақ дәрежесі: Орта салмақ (72 келі)

Жекпе-жектер көрсеткіші: 36 (33 КО) – 0

Чемпионды титулы: WBA Super, IBF, IBF, IBO

70771c0cfb0d2bea41ec7e24cdc6db3e.jpg

Кәсіпқой бокста талай биіктерді бағындырған боксшымыз - Геннадий Головкин. Генаның қазіргі мақсаты – бұл абсолютті чемпион атану. Яғни, британиялық Билл Джо Сондерстен WBO белбеуін тартып алу. Тіпті бірқатар шетелдік басылымдар Головкин – Сондерс жекпе-жегінің биыл жазда Астанада өтетінін жазып жатыр. Бірақ ол үшін Майқұдық тумасы алдымен америкалық Дэниэл Джейкобсты жеңуі қажет. Артынша оны Сондерс, кейін Сауль Альварес күтіп тұр. Егерде осы қарсыластарының бәрін ұтса, «Трипл Джи» – әлемнің ең үздік боксшысы атанады. Бұған дейін ешбір қазақ боксшысы, тіпті ТМД елдерінің боксшылары мұндай атаққа жетпеген.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или