«Олимпиадада бағы жанбаған Роуши Уоррен»
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновтың ең қауіпті қарсыласы америкалық Роуши Уорренмен жақынырақ танысайық.
Отандық былғары қолғап шеберлеріміздің кәсіпқой бокстағы чемпиондық кездесулері өте сирек кездесетін оқиға. Соңғы жылдары тек Головкиннің ғана жекпе-жектерін көріп келеміз. Кейде Бейбіт Шүменов те жұдырықтасып жатады. Ендеше тағы бір жерлесеміз Жанаттың WBA және IBO титулдары үшін кездесуін міндетті түрде тамашалайық. Отандық телеарналар бұл кездесуді көрсетпесе де, ғаламтордан бұл жекпе-жектің транслияциясын табу қиын емес.

Роуши Уоррен жайлы не білеміз? Бұл боксшыны бірінші рет естіп тұрған жандар көп шығар. Бірақ 29 жастағы боксшы небәрі 17 (!) жасында алғашқы Олимпиада ойындарына қатысқан болатын. 2004-ші жылы Афиныда америкалық боксшы бірінші кезеңде болашақ екі дүркін Олимпиада чемпионы қытайлық Цзоу Шиминьнен жеңіліп қалды. Араға төрт жыл салып, «Кішкентай шұңқыр» лақап атымен танымал Уоррен қайта бірінші раундта сүрінді. Бұл жолы кореялық Ли Ок Суннан айласын асыра алмады. Тағы төрт жылдан кейін Уоррен Лондонда жеңіліс тапты. Бірінші раундта оны франциялық Нурдин Оубали жеңіп кетті. Бұл сәтсіздіктен кейін Роуши кәсіпқойға боксқа ауысты.

Әуесқой бокспен салыстырғанда кәсіпқойда Уоррен бірден жеңіске жете бастады. Небәрі үш жыл ішінде «Кішкентай щұңқыр» 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ал он бесінші жекпе-жегінде Роуши чемпиондық титул үшін тартысты. Қарсыласы - доминиканалық былғары қолғап шебері Хуан Карлос Пайоно болатын. Жеңіске жеткен боксшы WBA және IBO белбеулерінің иегері атану мүмкіндігіне ие болды. Өкінішке қарай, тартысты кездесуде Роуши жеңіліс тапты. Бір жылдан кейін қос боксшы қарымта матч өткізіп, америкалық қарсыласынан есесін қайтарды. Осылайша, Уоррен бұрыннан бері армандаған чемпиондыққа титулына қол жеткізді.

Енді міне ақпанның 10-ы, АҚШ-тың Толедо қаласында, Уоррен қандасымыз Жанат Жақияновпен күш сынасады. «Кішкентай шұңқыр» үшін бұл чемпиондыққа жеткеннен кейінгі алғашқы кездесуі болмақ. Жанат үшін де бұл бірінші чемпиондық жекпе-жек. Шетелдік букмекерлердің пікірінше, Уоррен – фаворит. Мұны да түсінуге болады, Роуши өте тәжірибелі боксшы. Өз жерінде чемпиондық титулдарын оңайлықпен бере салмасы анық. Бірақ Уоррен Жанатты мойындамай жүргенге ұқсайды. Бұны оның «Жақияновты оңай жеңемін» деген сөздерінен кейін аңғаруға болады. Яғни, бізді өте қызық жекпе-жек күтіп тұр. Сондықтан сенбі күні, таңертең, барлықтарымыз ғаламтор арқылы жерлесімізге жанкүйер болайық! Головкиннен кейінгі екінші чемпионымыз осы Жанат болсын деп тілейік!