Денис Тен : «Мен тәуекелге бардым»
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Prosports.kz сайтына берген сұхбатында бүгінгі көрсеткен өнері жайлы айтып берді.
- Бірінші кезекте барлық жанкүйерлерге көрсеткен қолдауы үшін алғысымды білдіремін. Өз жеріңде өнер көрсеткен әрқашанда жақсы. Универсиада ойындарына өте ұзақ дайындалдым. Қызық бағдарлама дайындауға тырыстым. Мен неге «Ромео мен Джульетта» композициясын таңдадым? Бұл махаббат оқиғасы, өте қызық тақырып. Техникалық сәттерден бөлек, өз костюміме көп көңіл бөлдім. Егер байқаған болсаңыздар, онда «Алматы Аренаның» элементтері бар. Бұл жай емес. Біз әр жарысқа әртүрлі костюммен шығамыз. Бұл костюмді арнайы универсиада ойындарына арнап тіктік. Мүмкін мен бұл киіммен кейін де өнер көрсететін шығармын. Бүгінгі көрсеткен өнерім көңілімнен шығады.
- Бізге қызығы, біздің «Ромео» өз «Джульеттасын» кездестірді ме?
- Кездестірдім, бірақ бұл құпия болып қала берсін. Тағы да маған қолдау көрсеткен әр жанкүйерге алғысымды айтқым келеді. Сіздердің үміттеріңізді ақтадым деп ойлаймын. Ертең де сіздердің көңілдеріңізден шығатын шоу жасауға тырысамын.
-Универсиадаға арналған бағдарлама қалай дүниеге келді?
- Бағдарламалар жазда дайындалған. Менің бағдарламаларымның тақырыптары өте қызық. Негізі менде үш түрлі бағдарлама болған. Соңында осы «Ромео мен Джульетте» бағдарламасын таңдадық. Мен бүгін Ромеоны өзімше сомдауға тырыстым.
- Ертең жанкүйерлеріңізді немен таң қалдырасыз?
-Ертең еркін бағдарлама. Мен үшін өте маңызды күн. Дегенмен дәл осы еркін бағдарлама арқасында Сочи олимпиадасында қолаға қол жеткізе алдым. Менің еркін бағдарламам қысқа бағдарламаға қарағанда классикалық стильде. Мінсіз өнер көрсетемін деп ойлаймын.
- Универсиада ойындарында жанкүйерлердің шектен тыс эмоциясы біраз мәнерлеп сырғанаушыға кедергі келтіреді. Сіз қандай күйде болдыңыз?
- Бүгін көрермендердің қолдауы ерекше болды. Негізінде өз өзімді қолымда ұстау өте қиын болды. Еліміздің алдындағы жауапкершілік жүгі өте ауыр. Бүгінгі нәтижеме ризамын. Ертең одан да жақсы өнер көрсетемін деген ойдамын.
- Қарсыластарыңыздың қайсысынан қауіптенесіз?
- Ең алдымен өзімнен. Себебі жаңа бағдарламамен шығамын. Менің басты мақсатым – 2018-де Кореяда өтетін қысқы олимпиада ойындарында өнер көрсету. Менің қазіргі басты міндетім жаңа бағдарламаны ойдағыдай сырғанап шығу. Мен команда ауыстырдым. Басқа қалаға ауысып, Николай Морозовпен жаттығып жүрмін. Мен тәуекелге бардым, және оным ақталды.