Біржан Жақыпов жаңа қызметке тағайындалды
Бейжің, Лондон және Рио Олимпиадаларында өнер көрсеткен боксшы Біржан Жақыпов енді шәкірт тәрбиелейтін болды. Ол Шымкент қалалық бокс мектебі директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Nur.kz сайты хабарлады.
«Бұл қызметке ұсыныс жылдың басында түсті. Шынымды айтсам, ұзақ ойланбадым. Ұсыныс түскеннен кейін бір-екі күннен соң шешім қабылдадым. Бір апта болды жұмысқа кіріскеніме», - деді Біржан Жақыпов.
Сонымен қатар, 2013 жылы әлем чемпионы атанған боксшы алдағы жоспарларымен де бөлісті.
«Мектептегі балалардың жеке бапкерлері бар, мен оларға көмектесіп, ақыл-кеңесімді айтамын. Олармен бірге жарыстарға барып, қасында боламын. Лауазымға үйреніп, бір жолға қойылған соң өзім де жекелей шәкірт тәрбиелемек ойдамын. Алла қаласа, өз шәкірттерімнің жеңісін көрсем деймін», - деді спортшы.