Фируза Шарипова: «Мақсатым - әлем чемпионы атану»
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова prosports.kz порталына сұхбат беріп, жоспарымен бөлісті.
«Тақтар ойыны» режиссерлері сізді байқауға шақырғанын білеміз. Келісімге келе алдыңыздар ма?
- Иә, бізге «Тақтар ойыны» режиссерлерінен ұсыныс келіп түсті. Біз қазір портфолио дайындап, америкалық достарымызға жібердік. Қазіргі күні олар киностудиоларға таратып жатыр. Сонымен қатар, «Тақтар ойыны» режиссерлеріне де ұсындық. Олар бізге фото мен видео жіберуімізді сұраған болатын. Жаттығудан бөлек, актерлік шеберлігімді шыңдап жүрмін.
Сіздің Ронда Роузидің спарринг-серіктесі болады деген ақпарат та шықты. Роузидың командасынан ұсыныс түсті ме?
- Ронда Роузидың спарринг-серіктесі болуы жайлы ұсыныс Сергей Завилейскийге Эл Хэймоннан түсті. Қазіргі күні АҚШ-та жаттығу жасап, жекпе-жек өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Әзірге АҚШ-қа барғанда танымал бапкер Бадди Макгиртпен жаттығу жасайтыным жайлы келісім бар. Макгирт атақты Артуро Гатти мен Майк Тайсонның бапкері болғанын білесіздер. Қазір Ронда Роузи мансабын жалғастыру жайлы шешім қабылдамады. Егер ол спортта қалып, боксшы ретінде шеберлігін шыңдағысы келсе, спарринг өткізуге болады.
Алда қандай жекпе-жектеріңіз бар? Жоспарыңызбен бөліссеңіз?
- Жекпе-жек ақпан айына белгіленді. Жақын уақытта анық-қанығы белгілі болады. Жоспар бойынша көктемде әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуым керек. Жекпе-жек уақыты мен қарсыластар жайында мәлімет жоқ. Келіссөздер жүріп жатыр. Жақын күндері бәрі анықталуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейін, Фируза Шарипова кәсіпқой бокста үш кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңіске жеткен болатын. Соңғы жекпе-жегін Алматыдағы бокс кеші аясында өткізіп, сербиялық Милена Матовичты техникалық нокаутпен жеңді.