НВО: Ломаченко – жыл боксшысы, Головкин – екінші
Атақты америкалық НВО арнасы биылғы маусымның ең үздік бес боксшысын анықтады.
Аталмыш тізімде жерлесіміз Геннадий Головкин де бар.
5 – Роман Гонсалес (Никарагуа)

Әлемнің ең үздік боксшылар тізімінде көш бастаған Роман Гонсалес НВО нұсқасы бойынша тек бесінші орынды қанағат тұтты. «Чоколатито» 2016-шы жылы екі рет шаршы алаңға шықты. Аса жеңіл салмақ дәрежесінде WBC чемпионы көктемде пуэрторикалық Маквильямс Арройоны ұпай шешімімен жеңсе, күзде мексикалық Карлос Куадрастан басым түсті. Соңғы жекпе-жегі соншалықты тартысты өткен, енді қос боксшы арасында қарымта кездесу ұйымдастырылады. Гонсалес – Куадрас айқасы Головкиннің андеркартында өтеді. Биыл тек екі рет жұдырықтасқанына қарамастан Роман Гонсалес The Ring басылымының Pound for Pound тізімінде әлі де бірінші.
4 – Сергей Ковалев (Ресей)

Жартылай ауыр салмақтың ең үздік боксшысы саналған «Крашер» биыл өзінің үш чемпиондық титулынан айырылды. Супер орта салмақтың бұрынғы патшасы Андре Уорд Ковалевтің салмағына көтеріліп, ресейлікті чемпиондық белбеусіз қалдырып кетті. Сергей жылдың басында канадалық Жан Паскальды техникалық нокаутпен ұтып, жазда африкалық Айзек Чилембаны ұпай шешімімен жеңген болатын. Ал 2016-шы жылдың ең басты айқастардың бірінде ресейлік былғары қолғап шебері америкалық Андре Уордқа есе жіберді. Содан бері, Ковалев әлеуметтік желі арқылы үнемі Уордты қарымта кездесу өткізуге шақырып жүр.
3 – Андре Уорд (АҚШ)

«Құдайдың баласы» лақап атымен танымал Андре Уорд биыл жартылай ауыр салмақ дәрежесіне ауысты. Бір жыл ішінде Андре Уорд үш чемпиондық титулға қол жеткізе алды. 2016-шы жылы америкалық боксшы үш кездесу өткізді. Алдымен, көктемде Уорд Абель Санчестің шәкіртті Саливан Баррераны ұпай шешімімен ұтты. Артынша, колумбиялық Александер Брандтан айласын асырды. Ал күзде Андре ресейлік Сергей Ковалевпен «мегафайт» өткізіп, 12 раундтың қорытындысы бойынша күмәнді жеңіске жетті. Тіпті жекпе-жек барысында «құдайдың баласы» нокдаунға құлап та үлгерді. Соған қарамастан, Уорд жартылай ауыр салмақ дәрежесінде WBA, WBO, IBF тұжырымдары бойынша жаңа әлем чемпионы атанды.
2 – Геннадий Головкин (Қазақстан)

Өкінішке қарай, «Трипл Джи» биыл тек екі жекпе-жек қана өткізді. Бұған қоса, қарсыластары да мықты болмады. Көптен күткен Сауль Альвареске қарсы кездесуді де көре алмадық. Головкин көктемде америкалық Доминик Уэйдпен кездесіп, небәрі екінші раундта қарсыласын нокаутпен ұтты. Содан соң, Геннадий күзде жартылай орта салмақтың IBF чемпионы британиялық Келл Брукпен күш сынасты. Англияның «О2» Аренасында өрбіген жекпе-жек қазақстандық боксшының пайдасына шешілді. Бесінші раундта Бруктың командасы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Головкин нокауттар сериясын одан әрі жақсартты. Енді Майқұдық тумасы келер жылдың наурыз айында америкалық Дэниел Джейкобспен жұдырықтасады. Головкиннің жоспары бойынша 2017-ші жылы ол кем дегенде үш рет шаршы алаңға шығады.
1 – Василий Ломаченко (Украина)

Екі дүркін Олимпиада чемпионы әрі Вел Баркер кубогының иегері Василий Ломаченко биыл екі рет жұдырықтасты. Алдымен, Вася бір салмақ дәрежесіне жоғары көтеріліп, WBO чемпионы пуэрторикалық Роман Мартинесті бесінші раундта нокаутпен ұтты. Кейін Ломаченконың бұл жеңісі «жыл нокауты» жүлдесімен марапатталады. Күзде, «Хай Тек» тағы бір қауіпті қарсыласы ямайкалық Николас Уолтерспен кездесті. Тартысты жекпе-жекті күткен бокс жанкүйерлері тек Ломаченконың өнеріне тәнтті болып қайтты. Себебі, украиналық боксшы қарсыласына бірде-бір мүмкіндік бермеді. Жойқын соққысымен танымал болған Уолтерс Васяға төтеп бере алмай, жетінші раундта өз еркімен кездесуді тоқтатты. Осылайша, Ломаченко тағы бір мерзімінен бұрын жеңісіне қол жеткізді. НВО арнасынан өзге The Ring басылымы да Василий Ломаченконы биылғы жылдың ең үздік боксшысы деп таныды.