Рой Джонс: «Тищенконың қазақстандық Левитті жеңді дегені - ұят»
Америкалық боксшы Рой Джонс Олимпиада ойындарында жеңісті қазақстандық Левитке бермей, ресейлік Евгений Тищенкоға берген төрешілердің шешімімен келіспейтінін айтты.
Nur.kz порталының хабарлауынша, танымал боксшы мұндай шешімді әлемдік бокста жемқорлықтың пайда болғанымен байланыстырды.
«Мен бұл жағдай туралы білемін. Әлемдегі ең мықты спорт түрінде жемқорлықпен бетпе-бет келуіміз, меніңше, өте ұят нәрсе. Алайда, неге олай болғанын мен түсіне алмаймын. Егер сен қателік жасасаң, оны міндетті түрде түзетіп кешірім сұрауың керек. Бірақ, қатеңді мойындау үшін батылдығың жетпесе, сен спорттың бар қадірін кетіресің», - деп мәлімдеді Рой Джонс.
Естеріңізде болса, 2016 жылғы Олимпиада ойындарында төрешілер финалға шыққан қазақстандық боксшы Василий Левиттің басым түскенін есепке алмай, алтынды ресейлік қарсыласы Тищенкоға берген болатын.
Кейінірек, Тищенко қазақстандықтар тарапынан айтылған сын-пікірлерге ренжіп, бағдарлама эфирінен қазақ елінің намысын қорлайтын сөздер айтқан.
Айта кетерлік жайт, Рой Джонс Қазақстанға бірінші рет келіп тұрған жоқ. Ол Қарағанды қаласында өткен Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнирге арнайы келген. Сондай-ақ, ол жанкүйерлеріне арнап өлең айтып, оларды рингтің үстіне билеуге «мәжбүр қылған».