Астанада өткен әлем чемпионаты «жыл оқиғасы» сыйлығын жеңіп алды
Халықаралық бокс ассоциациясы мамыр айында Астанада өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатын «жыл оқиғасы» атады.
Сыйлық АІВА-ның Швейцариядағы жыл қортындысын шығаруға арналған жиынында ҚБФ директорының қызметін атқарушы Бекжан Бектоновқа табысталды. Жарыстың жақсы ұйымдастырылғаны мен «Барыс Аренадағы» шоу және жобаның жақсы орындалғаны айтылған. Естеріңізге сала кетейін, Астанадағы әлем чемпионатына 65 елден 295 спортшы қатысқан болатын.
«Бұл тек 2016 жылдың ғана емес, әйелдер боксының 15 жылдық тарихындағы үздік әлем чемпионаты дер едім. Мені жарыстың деңгейі мен ұйымдастырылуы таңғалдырды. Әрине, Қазақстанның барлық спортшыларға керемет қонақжайлылық танытқанын да айта кетуіміз керек. Қазақстан бокс Федерациясы үшін қуаныштымын. Олар лайықты сыйлығын алды және басқа ұлттық Федерацияларға үлгі бола алды деп білемін», - деді АІВА-ның әйелдер комиссиясының жетекшісі Джойс Боуэн.