«Джейкобс, бұл құбыжықты өзіңнен алыс ұста»
Жартылай орта және бірінші орта салмақтарда әлемнің бұрынғы чемпионы Кори Спинкс қазақстандық Геннадий Головкиннің алдағы қарсыласы америкалық Дэниэл Джейкобске кеңесін берді.
«Дэнниге қарсы ештеңе айта алмаймын. Егер Головкин оған шабуыл жасаса, ал ол мұны жасайтыны белгілі, бәрі Дэннидің бұған шыдай алуына байланысты. Головкинді жеңуге болады. Кез келгенді жеңуге болады. Бұл құбыжықты өзіңнен алыс ұста. Онымен жақын қашықтықта болып, айла-әрекеттерді пайдалану керек. Себебі Головкин сені өзіне жақын ұстайды. Қатесіз, тамаша ойын ғана керек», - деді Спинкс Dontae’s Boxing Nation-ге берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетсек, бұл кездесу биылғы жылдың желтоқсанында өтуі керек болатын. Алайда промоутерлер сыйақыны бөлісу бойынша ортақ келісімге келе алмаған соң, жекпе-жек кейінге шегерілген еді. Енді ресми түрде бұл кездесу 2017 жылдың 18 наурызында Нья-Йорктегі «Madison Square Garden» аренасында өтетін болды.