Қатерлі ісікті жеңген Джейкобс
Отандасымыз Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы ең қауіпті қарсыласы Дэниел Джейкобспен жұдырықтасады.
Кездесу 18-ші наурыз күні, Нью-Йорктегі «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында өтеді. Яғни, Бруклинде туған Джейкобс өз үйінде өнер көрсетеді.
«Ғажап боксшы» лақап атына ие Дэниел кәсіпқой бокста 32 кездесу өткізіп, 31-де жеңіске жеткен болатын.
2010-шы жылы болашағынан үлкен үміт күттіретін Джейкобс ресейлік Дмитрий Пирогпен жұдырықтасып, техникалық нокаутпен жеңілген болатын. Сол кездесуден кейін Дэниел өзінің WBO чемпиондық титулынан айырылды.
Пирогтан ұтылған Дэниел кейін екі кездесуді жеңіспен аяқтап, уақытша мансабын тоқтатты. Бұған себеп – Джейкобстан табылған қатерлі ісік. Жеті ай бойы «рак» ауыруымен күрескен «Ғажап боксшы» соңында қатерлік ісікті жеңе білді. Дәрігерлер Джейкобсқа бокстан кетуді сұрады, бірақ Дэниел кәсіпқой мансабын жалғастыруды жөн көрді.
Осылайша, Бруклин тумасы боксқа қайта оралып, барлық қарсыластарын мерзімінен бұрын ұтты. 29 жастағы боксшы австралиялық Джарод Флетчер, мексикалық Серхио Мора сынды мықты спортшыларды жеңді.
Ал өзінің ең үздік жекпе-жегін Дэниел былтыр Питер Куиллинге қарсы өткізді. Ешкімнен жеңілмеген Питер бірінші (!) раундта-ақ Джейкобстың соққыларына төтеп бере алмай, техникалық нокаутпен ұтылған болатын. Бұл бокс жанкүйерлері үшін күтпеген нәтиже болды.
Қазіргі таңда, «Ғажап боксшы» WBA чемпиондық белбеуіне ие. Бұл тұжырым бойынша суперчемпион – біздің Головкин. Осылайша, қос боксшы WBA тұжырымы бойынша жалғыз чемпионды анықтамақ.
Негізі, Головкин – Джейкобс кездесуі биылғы жылдың желтоқсан айында өтуі керек болған. Бірақ қаржы мәселесін шеше алмағандықтан екі жақ жекпе-жекті кейінге шегерді. Соңына дейін ортақ келісімге келе алмаған Джейкобс пен Головкиннің командалары нәтижесінде келісімшартқа қол қойды.
Ең қызығы, бұл жекпе-жек НВО арнасында pay-per-view (ақылы көрсетілім) арқылы көрсетіледі. Яғни, қос боксшы бірнеше миллион доллар көлемінде табыс табуы әбден мүмкін.
Джейкобстың жұдырықтасу стилі туралы айтатын болсақ, ол – нағыз панчер. Дэниел 32 жекпе-жектің 29-да нокаутпен жеңіске жетті. Керемет көрсеткіш! Мәселен, Головкин 36 кездесудің 33-ін мерзімінен бұрын аяқтады.

Яғни, бізде өте қызық әрі тартысты айқас күтіп тұр. Бұл жекпе-жек барлық он екі раундқа дейін созылмайтыны анық. Екеуіде өз қарсыластарын қыспаққа алып, жекпе-жекті ерте аяқтауға үйреніп қалған.
Бокс жанкүйерлері үшін бұл нағыз «Биг Драма Шоу» болмақ. Себебі, Джейкобс Головкиннен қарағанда ірілеу әрі соққысы да жойқын. Бір сөзбен айтқанда, Головкин өзіне лайық қарсылас тапты.
Ендеше наурыздың 18-ін асыға күтіп, Майқұдық тумасына жанкүйер болайық.