Серхио Мора: «Джейкобстің соққысы Головкиннен күштірек»
Америкалық боксшы Серхио Мораның айтуынша, Дэниэль Джейкобс Геннадий Головкинге үлкен қарсылық көрсетуі мүмкін.
«Дэниэль Джейкобс мен жұдырықтасқан боксшылар ішіндегі ең мықты панчер. Бұл жігіттің күші бар. Ол Головкинге жойқын соққы жасаса, Геннадий өзін қалай ұстайтынын көреміз. Джейкобс оған ауыр соққы бағыттай алады. Бұл жекпе-жекте қай боксшы қарсыластың соққысына шыдай алса, сол жеңіске жетеді. Екеуінің де соққылары мықты, бірақ, Джейкобс Головкиннен мықтырақ соққы жасайтын секілді», - деді Мора.
Айта кетейік, Головкин – Джейкобс жекпе-жегі 10 желтоқсанда өтуі қажет болатын. Алайда қос боксшының промоутерлері келісімге келе алмағандықтан, кездесу, шамамен, наурызға ауыстырылды.
Келіссөз боксшылардың табысына байланысты аяқталмай қалған еді. Регламент бойынша сыйақы 75-25% бойынша бөлінуі керек. Алайда Джейкобстің командасы сыйақының 40 пайызын сұраған. WBA оны қабылдамады.