Головкин - Коробов жекпе-жегі Қазақстанда?
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин келер жылы кем дегенде үш жекпе-жек өткізетінін айтты.
2017-ші жылдың көктемінде жерлесіміз алдымен америкалық Дэниел Джейкобсқа қарсы кездесуде WBA чемпиондық титулын қорғамақ. Шамамен бұл жекпе-жек наурыз айында, Нью-Йорк қаласында өтеді.
Артынша, Майқұдық тумасы ЕХРО 2017 қарсаңында Астана қаласында үлкен бокс кешін өткізуді жоспарлауда.
Қарсылас ретінде ресейлік Матвей Коробов қарастырылып жүр. Энди Лиден жеңілген «Мэт» жақында Головкинді жекпе-жекке шақырып, біздің боксшымызды мазақ қылған болатын. Оның айтуынша, Головкиннен бәрі қорқады деген әңгіме өтірік. Яғни, Головкин-Коробов жекпе-жегінің «пиары» басталды десек те болады.
Сауль Альварес пен Билли Джо Сондерстің Генамен жұдырықтасуға асықпайтынын ескерсек, Матвей Коробов Астанадағы кездесу үшін ең ыңғайлы қарсылас. Ол - ресейлік, оны Қазақстанда жақсы таниды (Головкин, Артаев әуесқой рингте Матвеймен талай рет кездескен).

Биыл НВО арнасының өкілдері және Головкиннің промоутері Том Леффлер «Астана Аренаны» аралап шыққан болатын. Нәтижесінде, екі жақтың көңілі толған еді. Геннадийдің қарсыласы кім болса да, оның жекпе-жегі Қазақстанда «аншлаг» жинайтыны айдан анық. Мұны «Трипл Джидің» өзі де жақсы түсінеді.
Ал келер жылдың күзінде қазақстандық боксшы АҚШ-та мексикалық Сауль Альвареспен, не британиялық Билли Джо Сондерспен жұдырықтасуы ықтимал. Тағы бір үміткер - америкалық Андре Уорд. Сөзсіз, Головкиннің ең үлкен айқасы 2017-ші жылдың күзіне жоспарланған. Оскар де ла Хойя Альварес - Головкин кездесуі келер жылдың қыркүйек айында ұйымдастырылады деген болатын. Демек, Гена батырымызға сәттілік тілейік.