Нұрбақыт Теңізбаев: «Күміс медаль Рагимовке тиесілі деген пікірім өзгермеді»
Менің күміс медаль Виталий Рагимовке тиесілі деген пікірім өзгермеді. Бұл туралы грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев ҚазАқпаратқа берген шағын сұхбатында мәлім етті.
«Күміс медаль Виталийге тиесілі деген пікірім өзгермеді. Алайда халықаралық ұйым біздің сөзді шешім қабылдарда өздеріне тиек етпейді, ережеге сай шешім қабылданғанын естіп біліп жатырмын», - деп атап өтті ол.
Бұл жаңалықты естігеннен кейінгі көңіл күйіңізді білсек деген сауалымызға: «Көңіл күй бір қалыпты, Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай Алматы облысында болатын спорттық шараларды ұйымдастыруға бар күшімізді салып жатырмыз», - деп жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік. Нұрбақыт Теңізбаевқа ресми түрде Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі берілгені туралы осыдан бірер сағат бұрын жазған болатынбыз. Ол туралы unitedworldwrestling.org халықаралық сайтында жарияланды, деп жазады ҚазАқпарат.