Ковалев - Уорд жекпе-жегін «Хабар» арнасы көрсетеді
«Хабар» телеарнасы 20 қараша күні таңғы сағат 9-да тікелей эфирден жартылай ауыр салмақ санатында өнер көрсететін Сергей Ковалев пен Андре Уорд арасындағы WBA Super, IBF, WBO титулдары үшін жекпе-жекті көрсетеді.
Жұдырықтасу АҚШ Невада штатының Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile Arena» спорт аренасында өтеді.
«Сөз жоқ, бұл кездесу - көптен күткен бокс жекпе-жектерінің бірі, кейбіреулер онжылдықтың басты спорт оқиғасы деп те айтады. Екі спортшы да – мықты боксшылар, сондықтан жұдырықтасудың немен аяқталатынын болжау қиын. Яғни көрерменді қызықты жекпе-жек күтіп тұр деген сөз, екі боксшы да өз шеберлігін барынша көрсететін болады» - деп ой бөлісті «Хабар» телеарнасының спорт продюсері Асқат Жақаев.
Сергей Ковалев – 33 жастағы ресейлік кәсіпқой боксшы. WBA Super, IBF, WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы. 2014жылы The Ring, WBO, Sports Illustrated, USA Today журналдарының нұсқасы бойынша үздік боксшы атанды. Лақап аты – Krusher (ағылшын тілінен аударғанда «Талқандаушы»).
«Бұл жекпе-жек – екеуміз үшін де кімнің күшті екенін дәлелдейтін керемет мүмкіндік. Мен сияқты Уорд та жеңу үшін барын салатынына сенімдімін. Менің стратегиям – оны қалай болса да жеңу. Ол менің мақсаттарым мен армандарыма апарар жолда тұр, сондықтан күресуім керек. Оны қиратқым келеді»,- дейді Сергей Ковалев.
Андре Уорд – 32 жастағы американдық кәсіпқой боксшы. WBA, WBC, The Ring нұсқасы бойынша екінші орта салмақта әлем чемпионы. 2004 жылы кәсіпқой бокста өнер көрсете бастады. Лақап аты – S.O.G («Son of God» – ағылшын тілінен аударғанда«Құдайдың ұлы»).
«Дайын болыңыздар, өйткені мен дайынмын. Көрермендерге сұрағанын береміз» - деді Уорд.