Үндістан өзінің аса бай мәдениетімен және ежелгі өркениетімен әйгілі ел. Сонау ХIII ғасырдан бері жалғасын тауып келе жатқан Үндістанның ұлттық «күшти» күресінің тарихы терең. Үнді елінің дәстүрлі ұлттық күресіне ағылышындардың отаршылдығы өз ықпалын тигізбей қоймады. Күйзеліске ұшырады және бірқатар өзгерістер енгізілді. Мамандардың айуынша, қазіргі «күшти» күресі еркін күреске қатты ұқсас. Осы және күрес төңірегіндегі басқа мәселелер жайлы Үндістанның танымал күрес шолушысы Прамод Дан Prosports.kz тілшісіне айтып берді.

- Прамод Дан, әңгімені өзіңізден бастасақ. Күреске деген сүйіспеншілігіңіз қалай пайда болды?

- Күреске деген сүйіспеншілігімді марқұм әкем оятқан. Өкінішке қарай, ол қатерлі ісіктен көз жұмды. Ол біздің Махараштра штатының танымал балуаны болған. Бала күнімнен оның артынан жүріп мен де күреске етене араластым. Күрес менің қанымда бар десем артық айтпаған болармын. Делиде оқып жүргенімде атақты «Гуру Хануман Ахара» клубында үш жыл күресіп, бірқатар жарыстарға қатыстым. Тізе жарақатын алған соң күресті тастауға мәжбүр болдым. Өзімді асырау үшін басқа салада жұмыс жасадым. Қазіргі таңдағы негізгі жұмысымның күреске қатысы мүлдем жоқ. Десе де, қаныма сініп, махаббатыма айналған күресті насихаттаумен әлі күнге дейін айналысып жүрмін. Оған қоса, осы күнге дейін жыл сайын әкемнің атындағы бүкілүндістандық жарысты ұйымдастырып келемін. Фейсбук желісінде шетелдік балуандар отыратын Wrestling arena парақшасын да жүргіземін.

- Әкеңіздің атындағы жарыс жайлы айтып өтсеңіз?

- Жарыстың толық атауы «Ранзунджар күрес жарысы». Ол үндістандықтардың ұлттық күресі бойынша өтеді. Шынын айтқанда, дәстүрлі күресіміз Джамму, Дели, Харьяна, Махараштра, Пунджаб, Мадхья-Прадеш, Уттар-Прадеш қалаларында ғана танымал. Бұл күрес түрі түріктің май күресіне ұқсас. Ол жарысқа менің әкем - Раджендра Данның есімі берілген. Жарыс жыл сайын наурыз айларында өтеді. Дүбірлі додаға Үндістанның барлық аймақтарынан жиналған балуандар қатысып, бірнеше күн бойы топырақтың үстінде айқасады. Бұл игі шараны ұйымдастыру өмір бойы адал еңбек етіп, талай жыл күрес үшін терін төккен әкеме деген тағзым деп білем.

- Соңғы кезде Үндістанда еркін күрес қарқынды дамып келеді. Сіздер күресте арнайы медицина қолданасыздар ма? Тамақтану мәселесінде ерекшеліктер бар ма?

- Ия, елімізде еркін күрес даму үстінде. Санаулы жылдар ішінде Сушил Кумар, Бажранг Пуниа, Йогешвар Дут, Винеш Пхогат сынды мықты балуандарымыз шықты. Пхогаттар жанұясы елімізде өте танымал. Себебі Махавир Сингх Пхогат қала тұрғындарының әйелдер күресіне қарсылығына қарамастан күресті дамытып қана қоймай, Үндістанның ең мықты балуан қыздары: Гита, Бабита, Риту, Сангита, Приянки, Винештерді тәрбиелеп шығарды. Олар жайлы «Дангал» атты кино да түсірілді. Ол Махавир мырзаның үлкен еңбегі мен ерлігінің арқасы. Оған қоса, ұлттық күресіміз бен еркін күрестің ұқсастығы көп. Бізде арнайы медицина жоқ. Заманауи спорт медицинасынан алыспыз. Тамақтануда ерекшелік жоқ. Балуандарымыз жаттығудан соң «тхандай» атты арнайы сүтті ішеді. Сонымен қатар, жеміс-жидектер, тауық етін жейді.