Just Wrestling
Күрес

Прамод Дан: Үндістандықтар Таңатаров пен Санаевқа көз салды

Прамод Дан: Үндістандықтар Таңатаров пен Санаевқа көз салды
news-banner7
mobile-news-top

Үндістан өзінің аса бай мәдениетімен және ежелгі өркениетімен әйгілі ел. Сонау ХIII ғасырдан бері жалғасын тауып келе жатқан Үндістанның ұлттық «күшти» күресінің тарихы терең. Үнді елінің дәстүрлі ұлттық күресіне ағылышындардың отаршылдығы өз ықпалын тигізбей қоймады. Күйзеліске ұшырады және бірқатар өзгерістер енгізілді. Мамандардың айуынша, қазіргі «күшти» күресі еркін күреске қатты ұқсас. Осы және күрес төңірегіндегі басқа мәселелер жайлы Үндістанның танымал күрес шолушысы Прамод Дан Prosports.kz тілшісіне айтып берді.

- Прамод Дан, әңгімені өзіңізден бастасақ. Күреске деген сүйіспеншілігіңіз қалай пайда болды?

- Күреске деген сүйіспеншілігімді марқұм әкем оятқан. Өкінішке қарай, ол қатерлі ісіктен көз жұмды. Ол біздің Махараштра штатының танымал балуаны болған. Бала күнімнен оның артынан жүріп мен де күреске етене араластым. Күрес менің қанымда бар десем артық айтпаған болармын. Делиде оқып жүргенімде атақты «Гуру Хануман Ахара» клубында үш жыл күресіп, бірқатар жарыстарға қатыстым. Тізе жарақатын алған соң күресті тастауға мәжбүр болдым. Өзімді асырау үшін басқа салада жұмыс жасадым. Қазіргі таңдағы негізгі жұмысымның күреске қатысы мүлдем жоқ. Десе де, қаныма сініп, махаббатыма айналған күресті насихаттаумен әлі күнге дейін айналысып жүрмін. Оған қоса, осы күнге дейін жыл сайын әкемнің атындағы бүкілүндістандық жарысты ұйымдастырып келемін. Фейсбук желісінде шетелдік балуандар отыратын Wrestling arena парақшасын да жүргіземін.

- Әкеңіздің атындағы жарыс жайлы айтып өтсеңіз?

- Жарыстың толық атауы «Ранзунджар күрес жарысы». Ол үндістандықтардың ұлттық күресі бойынша өтеді. Шынын айтқанда, дәстүрлі күресіміз Джамму, Дели, Харьяна, Махараштра, Пунджаб, Мадхья-Прадеш, Уттар-Прадеш қалаларында ғана танымал. Бұл күрес түрі түріктің май күресіне ұқсас. Ол жарысқа менің әкем - Раджендра Данның есімі берілген. Жарыс жыл сайын наурыз айларында өтеді. Дүбірлі додаға Үндістанның барлық аймақтарынан жиналған балуандар қатысып, бірнеше күн бойы топырақтың үстінде айқасады. Бұл игі шараны ұйымдастыру өмір бойы адал еңбек етіп, талай жыл күрес үшін терін төккен әкеме деген тағзым деп білем.

- Соңғы кезде Үндістанда еркін күрес қарқынды дамып келеді. Сіздер күресте арнайы медицина қолданасыздар ма? Тамақтану мәселесінде ерекшеліктер бар ма?

- Ия, елімізде еркін күрес даму үстінде. Санаулы жылдар ішінде Сушил Кумар, Бажранг Пуниа, Йогешвар Дут, Винеш Пхогат сынды мықты балуандарымыз шықты. Пхогаттар жанұясы елімізде өте танымал. Себебі Махавир Сингх Пхогат қала тұрғындарының әйелдер күресіне қарсылығына қарамастан күресті дамытып қана қоймай, Үндістанның ең мықты балуан қыздары: Гита, Бабита, Риту, Сангита, Приянки, Винештерді тәрбиелеп шығарды. Олар жайлы «Дангал» атты кино да түсірілді. Ол Махавир мырзаның үлкен еңбегі мен ерлігінің арқасы. Оған қоса, ұлттық күресіміз бен еркін күрестің ұқсастығы көп. Бізде арнайы медицина жоқ. Заманауи спорт медицинасынан алыспыз. Тамақтануда ерекшелік жоқ. Балуандарымыз жаттығудан соң «тхандай» атты арнайы сүтті ішеді. Сонымен қатар, жеміс-жидектер, тауық етін жейді.

- Осы күнде талай мықтылар түйіскен «Pro Wrestling league» жайлы айтып берсеңіз?

- «Pro Wrestling league» бізде 2016 жылдан бастап ашылды. Ол жобада өзім бір жыл жұмыс жасадым. Тіпті ұйымдастырушыларlдың бірі болдым десе де болады. Жақсы- жаман тұстарын да білемін. Лигада бықи-тықи балуандар жоқ. Тек атты шыққан, әлемдік рейтингте жоғары тұрған спортшылар қатысады. «Pro Wrestling league» - элиталы балуандар мен рекордты жалақылар лигасы. Меніңше, ол тек ақша жасау амалы. Мәселен, Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Хелен Марулис лигада жеңілістен көз ашпаса да қыруар ақша жасап кетті. Оның бір жылдық келісімшарты шамамен 80 000 АҚШ долларын құрады. Танымал балуандар өз елдерінің атынан шыққанда ғана барын салып күреседі. Егер Хелен сол қарсыластарымен Олимпиада не әлем чемпионаттарында кездессе оның жеңіске жететініне күмәнім жоқ. Менің шетелден келген балуандарға қарсылығым жоқ. Алайда, лига басышлығына өкпем бар. Олар уәде еткен ақшамды да бермей кетті. Лига басшысын күреске жанашыр адам емес, тек ақша таубдың амалын ойлап жүрген кәсіпкер деп білемін.

- «Pro Wrestling league» ұйымдастырушылары кейбір қазақтандық балуандарға көз салды деп естідік. Ол қаншалықты рас?

Ия, қызығушылық танытқаны рас. Нью-Делиде өткен құрлық біріншілігінде сіздердің бірнеше балуандарыңызға ұсыныс жасалды деп естідім. Қателеспесем, Ақжүрек Таңатаров пен Нұрислам Санаев болуы керек. Алайда, ол келіссөздер қалай аяқталғанын білмеймін.

- Біздің елдің де балуандарын таниды екенсіз ...

- Әрине, танимын. Әлемге әйгілі балуандарыңыз, Азия күрес кеңісінің президенті Дәулет Тұрлыханов мырза жайлы кітапты да оқыдым. Күресін видеолардан көрдім. Дәулет Тұрлыханов өте мықты балуан. Еркін және әйелдер күресін жиі бақылап жүрегендіктен Гүлмарал Еркебаева мен Жұлдыз Ешимова деген спортшыларыңызды да білемін. Олармен түскен суретім де бар. Жалпы өзім ресейлік балуандардың күресін ұнатамын. Орыс тілін аздап білемін. Менің үздік балуаным – «ресейлік танк» Абдулрашид Садуллаев. Магомед Курбаналиев пен Абдусалам Гадисовпен жақсы араласамын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Фотолар: Прамод Данның жеке мұрағатынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер