«Астана» «Селтикті» жеңе алмады

Елордалық «Астана» УЕФА Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында «Селтикті» жеңе алмай, қарымта кездесу алдында жағдайын қиындатып алды.

Ойынды «Селтик» ойыншылары белсенді бастап, бірден допқа өздері иелік етуге тырысты. «Астана» болса, көбіне қарымта шабуылға иек арта бастады. Матчтағы алғашқы голды елордалықтар стандарттан соға алды. 19-минутта Патрик Твумасидің әуелеткен добын қорғаушы Юрий Логвиненко басымен қақпаға тура бағыттады - 1:0. Араға он минуттай салып Азат Нұрғалиевте есепті еселейтін мүмкіндік болған. Айып алаңында допты Крейг Гордонның бойынан асырып жіберуге тырысты, бірақ шотландиялық қақпашы керіле секіріп, өз командасын құтқарып қалды.

Екінші тайм да елордалықтар белсенді болды. 52-минутта Абзал Бейсебеков қорғаушыдан сытылып өтіп, айып алаңына енер тұста Нұрғалиевке пас қалдырды, Азат көп созбай соққы жасаған - маңдайша. Бұдан кейін командалар ұзақ уақыт алма кезек шабуылдады, бірақ олардың бірі де анау айтарлықты қауіпті бола қойған жоқ. Таймның ортасына таман алаң иелері допқа көбірек иелік ете бастады, бірақ шотландиялықтар сауатты қорғана білді. Ал 78-минутта астаналықтар өз қақпасына міндетті емес гол жіберіп алды. Патрик Робертс «Астананың» айып алаңында Ли Гриффитске пас қалдырды, шотландиялық шабуылшыға біздің қорғаушылар кедергі келтіре алмады - 1:1.

Жеңістің ауылы алыстағанын сезген астаналықтар алға тұра ұмтылды. Джуниор Кабананга жақын бұрышты көздеген, Гордон өз орнында. 84-минутта Кабананга тағы бір мүмкіндікке ие болған - «Селтиктің» қақпашысы тағы да құтқарып қалды.

«Астана» футболшылары қанша тырысқанымен, екінші голын соға алмады. Енді «Селтик Паркте» астаналықтардың жағдайы қиын болмақ. Айта кетейік, қарымта кездесу бір аптадан кейін Глазгода өтеді. Ойын Астана уақытымен 00:45-те басталады.

«Астана» - «Селтик» (Глазо, Шотландия) 1:1 (1:0)

Голдар: 1:0 - Логвиненко 19, 1:1 - Гриффитс 78

«Астана»: Эрич (қ) (к), Аничич, Максимович, Нұрғалиев, Шитов, Бейсебеков, Твумаси, Логвиненко, Кабананга, Шомко, Каньяс

«Селтик»: Гордон (қ), Эмброуз, Браун (к), Гриффитс, Дембеле, Армстронг, Лустиг, Робертс, О'Коннелл, Макгрегор, Тирни

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или