Тель-авивтік «Маккаби» туралы не білеміз?

Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде алматылық «Қайратқа» израильдік «Маккаби» қарсы тұрады.

Негізі, бұл команда Израиль футболының тарихындағы ең ескі әрі ең жүлделі клуб саналады. Тарихы 1906 жылдан бастау алатын тель-авивтік «Маккаби» бүгінге дейін 23 рет ел чемпионы атанған, 20 мәрте Израиль кубогында топ жарыпты. Сондай-ақ екі рет Азия кубогын еншілеген. Бес рет ел Суперкубогын жеңіп алған. Жеті рет «алтын дубль» жасапты. Жалпы алғанда, бұл команданың жетістігі қызығарлық-ақ.

«Маккаби» ішкі чемпионатта ғана емес, халықаралық деңгейде де жақсы өнер көрсетіп жүрген команда. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған израильдік үш клубтың бірі - осы. Өзінің еуросаяхатын алғаш рет 1992/93 жылғы маусымда бастаған. Биыл тель-авивтік команда 17-ші рет еурокубокта бақ сынап жатыр.

Осыдан 12 жыл бұрын алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен олар, «Ювентус», «Бавария» және «Аякспен» бір квартетте ойнап, соңғы орын алған екен. 2011/12 жылғы маусымда Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алып, сол кезде де жеңіске жете алмай, топта соңғы орын еншілеген. Араға екі жыл салып, тағы да Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. F тобында «Айнтрахт», АПОЭЛ, «Бордомен» бір квартетте ойнап, топта екінші орын алған екен. Сөйтіп, 1/16 финалға жетіп, швейцариялық «Базельге» жол беріпті. Ал былтыр «Маккаби» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған болатын. «Челси», «Динамо» және «Портумен» төрттік құрап, топта ұпай жинай алмай соңғы орын алған.

Ал енді «Маккабидің» ойыншыларына бір тоқталып өтсек. Немістің Transfermarkt порталына сүйенсек, израильдік команданың жалпы құны - 18,90 миллион еуро екен. Ең қымбат ойыншысы - сербиялық қақпашы Предраг Райкович (2,5 млн). Жартылай қорғаушы Харис Медуняниннің трансферлік бағасы - 2 млн еуро. Носа Иджибор, Эден Бен Басат және Орландо Са секілді ойыншылары 1,5 миллионға бағаланады. 24 жастағы Дор Мича да қымбат футболшылардың қатарында - 1,2 млн. Сонымен қатар, құны бір миллионға бағаланатын екі ойыншы бар. Бұлар - Егор Филипенко мен Ави Рикан. Сондай-ақ, «Маккаби» сабында кезінде «Ливерпульде» жасындай жарқылдап, кейін «Челсиде» өнер көрсетіп, «Арсеналда» Аршавинмен бірге ойнаған Йосси Бенаюн бар. Командаға келгеніне бір ай болмаса да, кеше бірінші іріктеу кезеңінде Словенияда «Горица» қақпасына жалғыз гол соғып, қонақта өз командасына жеңіс сыйлаған - осы Бенаюн. Сәті түскенде айтып жіберейік, «Горицаға» қарсы бірінші матчта Носа Иджибор дубль жасады, ал Орландо Са бір рет қанжығасын майлады.

Ал енді салыстырмалы түрде айта кетейік, «Қайрат» ойыншыларының жалпы трансферлік құны - 17,13 млн еуро. Олар осы жазғы трансферлік кезеңнің арқасында осындай бағаға жетіп отыр. Жақында ғана алматылықтардың сабына ауысқан Герсон Асеведоның бағасы - 3 млн еуро. Сезар Арсо 900 мың, Стас Покатилов 800 мың, Ғафуржан Сүйімбаев болса, 600 мың еуроға бағаланады. Асеведодан кейінгі ең қымбат ойыншы - Жерар Гоу (1,8 млн). Исаэлдің трансферлік бағасы 1,2 миллионды құраса, Бауыржан Исламхан 1 миллион еуро тұрады. Бағасы миллионға жететін осы төрт ойыншы ғана.

Кахабар Цхададзе шәкірттері - Еуропа лигасында қалған жалғыз командамыз. Өздеріңіз байқаған да боларсыздар, екінші іріктеу кезеңінде алматылық ұжымға азулы қарсылас тап болды. «Маккаби» соңғы бірнеше жыл бойы еурокубоктың кем дегенде төртінші іріктеу кезеңіне дейін жетіп жүр. Биыл да сол межеден асып түсуді мақсат қылып отыр. Алматылықтар да оларды жарыс жолынан шығарып жібермек ниетте. Ал бұл жекпе-жектің немен аяқталарын уақыттың еншсіне қалдырайық.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или