«Бұл «Ақтөбе» бұрынғыдан өзгерек». Қызылды-ақтардың жаңа құрамы

Маусымаралық үзілісте күрделі трансформацияға ұшыраған «Ақтөбе» ФК туралы бүгінге дейін бірнеше рет айтылды, айтыла береді де. Пентакомпеондар сабында былтыр ойнаған футболшылар саны тым аз. «PROСПОРТ» тілшісі былтырғы және биылғы «Ақтөбені» позициялық тұрғыда салыстырып шықты.

Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі қақпашысы Стас Покатилов мансабындағы ең жарқын сәттерді былтыр «Ақтөбе» сабында өткізген. Жастығына қарамастан Владимир Газзаев пен Иоан Андоненің сеніміне кірген Стас өз шеберлігімен бүкіл Қазақстанды мойындата алды. Ресейлік чемпионатқа ауысып кеткен оның орнына Самат Отарбаев келді. «Ордабасыдан» ауысып келген ол бір кездері ұлттық құрамаға шақырту алған еді. Енді «Ақтөбеде» өзін танытуға бел бумақ. Әзірше Отарбаев «Ақтөбе» сабында екі ойын өткізіп, өз қақпасына төрт гол жіберді.

Енді қос қапталдағы қорғаушыларға тоқталсақ. Былтыр Дмитрий Мирошниченко мен Евгений Левин алма кезек оң қапталда ойнаса, Андерсон Сантана сол қапталда өнер көрсетті. Расы керек, бұл ойыншыларға ақтөбелік жанкүйерлердің көңілі толатын. Сантана командадан кеткенде, оған өкінген фанаттар көп болды. Биыл «Ақтөбенің» оң қапталдағы қорғанысына Бағдат Қайыров жауап береді. «Ақтөбе» футбол мектебінің түлегі әзірше анау айтарлықтай қате жіберген жоқ. Ал сол қанатта ресейлік легионер Марат Ситдиков ойнайды. Смоленскілік «Днепрден» ауысқан ол Сантана секілді шабуылға араласпайды. Жалпы алғанда, қос қорғаушы да алдыңғы шепке қосылмай, тек қорғанысқа ғана жауап беріп жүр.

Орталық қорғаушылар қызметін былтыр Юрий Логвиненко мен Айоделе Аделейе жұбы атқарған болатын. Бұлар Қазақстан чемпионатындағы ең сенімді дуэттердің бірі саналған. Осылардың арқасында Покатилов қақпасына да үлкен қауіп төнбеген. Ал биыл аталмыш жұптың орнына Егор Азовский мен Куасси Куаджа келді. Ел біріншілігінде бұрыннан бері жүрген, тәжірибелі Егор әзірше өз жанкүйерлерінің сеніміне кіре алмай жүр. Ал 21 жастағы Куаджа болса, бірден тас-қамал қорғаушы екенін көрсетті. Оған жанкүйерлер «екінші Аделейе» деген ат қойып үлгерді. Тіпті, екінші турда «Таразға» қарсы ойында фанаттар оны үздік ойыншы деп таныған. Сондықтан, «Ақтөбеде» Халифа Элхаджа Ба, Роберт Примус, Айоделе Аделейе секілді африкалық тас-қамал қорғаушылардың ізін Куасси жалғастыруы мүмкін.

Ал былтыр артқы жартылай қорғаныста Артурас Жулпа мен Асхат Тағыберген ойнап шықты. Екеуі де қарсыластың шабуылын тоқтатуда табысты едін. Биыл бұл қызметті капитан Самат Смақов пен ресейлік Михаил Петролай жұбы атқарып жүр. Команданың көшбасшысына айналған Самат артқы шепте ойнап қана қоймай, шабуылға да жиі араласып тұрады. 37 жастағы ойыншы бүгінде бір гол соғып та үлгерді. Ал Михаил Петролайға нақты баға беру әзірше қиын. 21 жастағы жартылай қорғаушы қарсылас шабуылын тоқтатарда жақсы қырынан көрініп жүр.

Шабуылға жақын тұста алаңның ортасында былтыр көбіне Маркоз Пиззелли ойнаған еді. Армения құжатын алған бразилиялық ойыншы туралы көп айтудың қажеті жоқ, ол өз ойынының арқасында жанкүйерлердің сүйікті футболшысына айналған. Ал қазір оның орнында өзбекстандық Бобир Давлатов өнер көрсетуде. Жақында ғана 20 жасқа толған бұл футболшы әзірше көптің көңілінен шығып жүр. Бірінші турда «Ордабасыға» гол салса, келесі матчта «Тараз» қақпасына пенальти белгілеуге себепкер болған осы Бобир еді. Бірінші турда жанкүйерлер оны «Ордабасыға» қарсы матчтың үздік ойыншысы деп санаған. Былтыр «Жетісуда» серпіле ойнай алмаған Давлатов үшін «Ақтөбе» жаңа мүмкіндік болып тұр.

Былтыр «Ақтөбеде» қос қаптал арқылы Дидар Жалмұқан мен Данило Неко ойнады, кейде олардың орнына Чиприан Дяк пен Марат Хайруллин жиі шығып тұрды. «Ақтөбеде» қапталдағы жартылай қорғаушылар қашан да мықты болатын. Ал биыл ақтөбеліктердің сол қанатында Абылайхан Тотай мен Никита Бочаров өнер көрсетсе, оң қапталда Виктор Крюков ойнады. Жалмұқан тек екінші таймда алаңға қосылып жүр. Расын айтқанда, Өткелбаев шәкірттері қос қаптал арқылы ойнауға тырысқанымен, тәжірибесі аз футболшылар қарсыластың қорғанысына анау айтарлық қиындық туғыза алмауда.

«Ақтөбе» былтыр шабуыл шебінде Сергей Хижниченкоға үміт артқан. Сергей былтыр ел чемпионатында тоғыз рет қанжығасын майлады. Биыл шабуыл шебіне тағы бір Сергей келді – Лисенков. Оған қоса, Тоқтар Жанғылышбай «Ақтөбенің» жейдесін киді. Қос шабуылшы әзірше бір-бір матчтан ойнап шықты. «Ордабасыға» қарсы ойында Лисенков көсіле алмаған, «Таразбен» ойында Тоқтар қарсылас қорғанысына біраз қиындық тудыра алды. Сондықтан, Юрий Өткелбаев алдағы ойындарда да Жанғылышбайға көбірек үміт артатыны анық.

«Таразға» қарсы кездесуде «Ақтөбе» командалық ойын көрсетуге тырысты. Әрине, әзірше «шикілеу». Бірақ ойыншылардың бір-бірімен енді түсінісіп жатқанын ескере кеткен жөн. Не дегенмен, алдағы «Астанаға» қарсы матч «Ақтөбе» үшін нағыз сынақ болмақ.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или