Қазақстандық семсерлесушілер Азия чемпионатында алты медаль иеленді
Қазақстанның 23 жасқа дейінгі семсерлесуден жастар құрамасы Бахрейннің Манама қаласында өткен құрлық біріншілігінде табысты өнер көрсетті, деп жазады Prosports.kz.
Отандастарымыз командалық жарыстарда екі алтын және екі қола медаль жеңіп алса, жекелей сында тағы екі жүлдеге қол жеткізді.
Семсерлесуден ерлер құрамасы (Михаил Кузьмин, Кирилл Проходов, Георгий Тинников, Жанарбек Жанұзақов) мен қылыштасудан әйелдер командасы (Диляра Исабекова, Полина Ко, Әдемі Серікбай, Қайша Жәнібек) алтын медаль иеленді. Екі финалда да қазақстандық спортшылар Гонконг құрамасынан басым түсті.
Сонымен қатар, қылыштасудан ерлер құрамасы мен рапирадан әйелдер командасы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Жекелей сында семсерлесуден Мария Лесовская күміс медаль жеңіп алса, Полина Лесовская қола жүлдеге ие болды.