Қазақстан ҰОК өкілі спорттағы қауіпсіздік мәселелері бойынша ХОК оқуын аяқтады
Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорт департаментінің жетекші менеджері Айым Жетібаева Халықаралық Олимпиадалық комитеттің International Olympic Committee Certificate: Safeguarding Officer in Sport халықаралық сертификаттау бағдарламасын сәтті тәмамдады, деп хабарлайды Prosports.kz.
ХОК-нің бұл білім беру бағдарламасы спорт қауымдастығындағы қатысушылардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына жауапты мамандарды даярлауға, сондай-ақ, ұлттық және халықаралық спорт ұйымдарында қауіпсіз ортаның заманауи стандарттарын енгізуге бағытталған.
Бағдарлама қатысушылары бір жыл бойы Sportsoracle платформасында кешенді онлайн оқудан өтті. Курс safeguarding бағытының тәжірибелік қырларын қамтитын жеті модульден тұрды. Атап айтқанда, мамандар спорттағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін, зиян келтіру мен орынсыз әрекеттердің алдын алу тетіктерін, сондай-ақ, қауіпсіз, құрметке негізделген және инклюзивті спорттық орта қалыптастыру қағидаларын меңгерді.
Бағдарламаның жеке бір бөлігі safeguarding саласындағы саясаттар мен рәсімдерді әзірлеу және енгізу құралдарына арналды. Оқуды сәтті аяқтау үшін қатысушылар тәжірибелік тапсырмаларды орындап, қорытынды жобаларын дайындап, финалдық сертификаттаудан өтті.
"Қазіргі таңда спорттағы қауіпсіздік мәселесі оның тұрақты дамуының маңызды бөлігіне айналды. Спортшылар, жаттықтырушылар және спорт үдерісіне қатысатын барлық азамат үшін құрметке және қорғанысқа негізделген орта қалыптастыру жүйелі тәсілді, кәсіби білімді және тәжірибені үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Бағдарлама барысында алған білімімді Қазақстан ҰОК қызметіндегі safeguarding тетіктерін күшейтуге, білім беру бастамаларын дамытуға, спорт ұйымдарында қауіпсіз орта тәжірибесін енгізуге және спортшыларды қорғау бағытындағы жүйелі жұмысты нығайтуға пайдалануды жоспарлап отырмын", - деді Айым Жетібаева.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің бұл бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған. Ол спорт саласындағы safeguarding мәселелеріне толықтай арналған алғашқы халықаралық білім беру жобаларының бірі.
Өткен жылы Қазақстан ҰОК Спорт департаментінің бас менеджері Олжас Тоғызбаев та аталған оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, ХОК сертификатын алған болатын.
Ақмарал Ерекешева Азия чемпионатындағы үшінші жүлдесін жеңіп алды
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 60-тан астам ел қатысатынын растады
Қазақстан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында күміс медаль еншіледі