Мадрид клубы қорғанысты күшейтуді көздеп отыр
Мадридтің «Реалына» «Манчестер Сити» қорғаушысы Йошко Гвардиолдың кандидатурасы ұсынылды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Мәліметке сәйкес, «Реал» қорғаныс шебін күшейтуді басты мақсаттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Қазіргі уақытта клубтар арасында ресми келіссөз жоқ, бірақ хорват футболшысының агенттері мадридтік клубқа ауысу мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Сонымен қатар «Реалға» «Манчестер Ситидің» капитаны Бернарду Силва да ұсынылған. Португалиялық жартылай қорғаушы 2026 жылдың жазында клубтан еркін агент ретінде кетуі мүмкін.
Айта кетейік, Силва бұған дейін «Барселонаға» ауысу нұсқасынан бас тартқан.
Йошко Гвардиол «Манчестер Сити» сапында 2023 жылдан бері ойнап келеді. Осы маусымда ол барлық турнирде 24 матч өткізіп, екі гол және бес нәтижелі пас авторы атанды.
Бернарду Силва болса биыл 51 матчта үш гол соғып, бес ассист жасады.
36 турдан кейін «Реал» Ла Лигада 80 ұпаймен екінші орында келеді. Чемпиондықты мерзімінен бұрын «Барселона» жеңіп алған.