Eco Athlete: Астанада екінші эко-спорттық эстафета өтті

Eco Athlete: Астанада екінші эко-спорттық эстафета өтті

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Eco Athlete жобасы аясында екінші эко-спорттық эстафета ұйымдастырылды. Бұл жоба спорт пен білім беру арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шара Жер күніне орай өтіп, елордалық №26 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Оған ҚР ҰОК өкілдері, ЮНИСЕФ ұйымының мамандары және білім беру мекемесінің басшылығы қатысты.

"Қазақстан ҰОК үшін Eco Athlete жобасы - жай ғана экологиялық акция емес, жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеудегі маңызды қадам. Спорт пен экологияның ұқсастығы көп: екеуі де тәртіптен, күнделікті дағдылардан және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қараудан басталады. Нағыз чемпион мұны тек спорт алаңында ғана емес, қоршаған ортаға деген күнделікті қарым-қатынасында да көрсетеді. Біз тұрақты даму қағидалары мен табиғатты қорғау мәдениеті әрбір қазақстандық спортшының өмір салтына айналғанын қалаймыз", - деді ҚР ҰОК Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай.

№26 мектеп-гимназиясының директоры Ольга Тодераш мұндай бастамаларға оқушылардың қатысуы олардың өмір салты, экология және өмір сапасы арасындағы байланысты түсінуіне ықпал ететінін атап өтті.

Іс-шара бағдарламасы білім беру және практикалық бөлімдерден тұрды. Интерактивті эко-викторинаға 50 оқушы қатысып, саналы тұтыну, қалдықтарды сұрыптау және адамның қоршаған ортаға әсері туралы білімдерін көрсетті.

Балалардың таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүру құқығы және оның қоғам денсаулығымен байланысы туралы Виолетта Красникова баяндап берді.

Eco-Talk пікірталасы барысында жоба амбассадорлары – Илья Голендов пен Александра Немич спорттағы тұрақты даму қағидаларын қолдану тәжірибесімен бөлісті. Олар экологиялық жағдайдың жаттығу үдерісіне әсер ететінін атап өтіп, пластикті аз пайдалану және тазалықты сақтау сияқты күнделікті әдеттердің қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.

Іс-шараның негізгі бөлігі – эко-спорттық эстафета болды. Оқушылар командаларға бөлініп, дене белсенділігі мен экологиялық тапсырмаларды біріктірген кезеңдерден өтті. Бағдарламаға «Баскетбол шелегі», «Футбол пенальтиі» және «Мергенді анықтау» сайыстары енді.

Іс-шара соңында пайдаланылған барлық құрал-жабдық жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Қатысушыларға естелік сыйлықтар мен ақпараттық материалдар табысталды.

Айта кетейік, Eco Athlete жобасы Халықаралық Олимпиадалық комитет пен Азия Олимпиадалық кеңесі қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба Olympic Agenda 2020+5 құжатының негізгі бағыттарына сәйкес келеді. Қазақстан ҰОК бұл бастаманың елдегі үйлестірушісі әрі бастамашысы. Жоба ұзақ мерзімге жоспарланған және халықаралық экологиялық күнтізбеге сай тұрақты түрде өткізіліп, қатысушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған.

ҚТФ-ның президенті Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті атанды

Өзбекстан қазақстандық таэквондошыны ӘЧ-дағы үздік спортшы деп тапты

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или