Бұрымды балуандарымыз Азия чемпионатына дайындықты бастады

Бұрымды балуандарымыз Азия чемпионатына дайындықты бастады

Қазақстан құрамасы әйелдер күресінен Албанияда өткен халықаралық турнирдегі сәтті өнерінен кейін, Азия чемпионатына дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері Нұрсұлтан Теміров Olympic.kz сайтына берген сұхбатында спортшылардың қазіргі дайындығына баға беріп, алдағы жоспарларын айтты.

Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы Албанияда өткен турнирде сәтті өнер көрсетіп, бес медаль жеңіп алды. Оның ішінде үшеуі алтын, екеуі қола медаль. Нәтижесінде ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді.

- Сіз қызметке келгелі дайындық жүйесінде өзгеріс бар ма? Қандай бағыттарға басымдық берілмек?

- Әрине, бапкер болып келгеннен кейін жоспар мен дайындық жүйесінде белгілі бір өзгерістер болады. Қазіргі таңда әлемдік күрестің бағыты айтарлықтай өзгерді. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, белдесу үш минутқа созылып, ұпайлар үздіксіз есептеледі. Сондықтан жаттығу үдерісінде функционалдық және физикалық дайындыққа көбірек мән беруге тура келеді. 

Біздің құрамада да физикалық жағынан күшейтуді қажет ететін тұстар бар. Сол себепті алдағы уақытта осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, кемшіліктерді толықтыруды көздеп отырмыз.

- Албаниядағы халықаралық турнирде белдескен бұрымды балуандарымыздың өнеріне қандай баға бересіз? Жас спортшылар өздерін қалай көрсетті? Команданың әлеуеті қандай?

- Албанияда екінші әлемдік рейтингтік турнир өтті. Бұл додада әр мемлекеттен жоғары деңгейлі балуан қыздар күресті. Ал біз жарысқа он спортшыны дайындап апардық. Соның бесеуі жүлдегер атанды: үшеуі алтын медаль жеңіп алса, екеуі қола медальға ие болды. Жалпы алғанда нәтиже жаман емес. 

Қазіргі таңда құрамда өсіп келе жатқан жас балуандар бар. Соларды да тексеріп, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береміз. Алдағы уақытта оларды Азия чемпионатына, Азия ойындарына және Олимпиада ойындарына дайындау жоспарда бар.

Жастардың арасынан Зейнеп Баянованы ерекше атап өтуге болады. Болашағынан үміт күттіретін спортшы. Техникалық тұрғыдан әлемдік деңгейдегі балуандардан қалыс қалмайды. Әрине, әлі де еңбектену керек. Сонымен қатар Лаура Алмағанбетованы айтуға болады. Оны жас спортшы деу қиын, бірақ әлі де болашағынан үміт күттіретін қыздардың бірі. Одан бөлек, былтыр 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы атанған Шұғыла Өмірбекке де үлкен сенім артамыз. Жалпы, әр спортшыға жеке дайындық жоспары бар. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс істеп, оларды жоғары деңгейге шығаруға күш саламыз.

- Ұлттық құраманың алдағы жоспары қандай? Оқу-жаттығу жиындары қай жерде және қандай форматта өтеді?

- Албаниядағы турнирден кейін ұлттық құрама Азия чемпионатына дайындықты бастайды. Осы жарысқа дейін екі оқу-жаттығу жиыны жоспарланған.

Алғашқы жиын Ыстықкөлде өтеді. Ол жерде негізінен жалпы дене дайындығына басымдық беріледі. Екінші кезең Бішкек қаласында ұйымдастырылады. Бұл бірлескен оқу-жаттығу жиыны ретінде өтеді. Оған Қырғызстан, Қазақстан және Корея құрамаларының спортшылары қатысады.

Азия чемпионатынан кейін Қазақстан кубогы өтеді. Сол жарыстың нәтижесіне қарай іріктеу жүргізіп, Азия ойындарына дайындықты бастаймыз. Сонымен қатар рейтингтік турнирлерге қатысып, спортшылардың дайындығын бағалаймыз. Қыздарды тексеріп, кімнің дайындығы жақсы болса, соларды еліміздің абыройын қорғауға алып барамыз.

- Ірі додаларға құрама сапы қалай жасақталады? Іріктеу қандай жүйе бойынша өтеді? Команда сапында өзгеріс бола ма?

- Іріктеуде нақты бір бекітілген жүйе жоқ. Кейбір салмақ дәрежелерінде ішкі бәсекелестік әлі де толық қалыптаспаған. Өйткені әйелдер күресі елімізде әлі даму үстінде. Ал негізінен Қазақстан кубогының нәтижесі ескеріледі. Кейбір салмақ дәрежелерінде халықаралық турнирлердегі нәтижелер де маңызды рөл атқарады. Қазір нақты шешім айту қиын. Қай балуан бабында болса, соған басымдық беріледі. Азия ойындарына дайын балуанды алып барамыз. Сонымен қатар кейбір спортшылар салмақ дәрежесін ауыстыруы мүмкін.

Құрама сапында да өзгерістер болуы ықтимал. Ойдан шешім шығармаймыз. Азия чемпионаты, рейтингтік турнирлер сияқты жарыстарда спортшылардың мүмкіндігін бағалаймыз. Сол нәтижелерге қарай кіммен әрі қарай жұмыс істеу керектігін анықтаймыз.

Қазақстандық балуандар рейтингтік турнирден олжалы оралды

Зейнеп Баянова мен Лаура Алмағанбетова рейтингтік турнирде топ жарды

Қазақстандық балуандар Албаниядағы турнирде тағы екі алтын медаль жеңіп алды

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или