Күрес түрлерінен Астанада өткен ел чемпионаты мәресіне жетті
Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық манежінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U17 және U20 жас арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Он күнге созылған додаға еліміздің барлық өңірінен 1 200-ден астам жас спортшы қатысып, бозкілемде өз шеберлігін сынады.
Биылғы чемпионат мазмұны жағынан да, жауапкершілік тұрғысынан да ерекшеленді. Федерация басшылығы бұл жолы тек жеңімпаз-жүлдегерлерді анықтаумен шектелмей, жас балуандарға нақты қаржылай қолдау көрсету арқылы жүйелі қадам жасады. Айта кетсек, күрес түрлерінен өткізілетін Қазақстан чемпионаттарында бұрын-соңды қаржылай жүлде қоры бұрын-соңды қарастырылмаған еді. Биыл бұл сома 60 миллион теңгені құрады. Атап айтқанда, U17 санатында алтын жүлде 300 мың теңгеге бағаланса, күміс пен қола медаль иегерлері тиісінше 200 және 100 мың теңгеден алды. Ал U20 санатының чемпионына 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 150 мың теңге табысталды. Бұл шешім жас спортшылармен қатар, өңірлердегі бапкерлер мен спорт мектептері үшін де маңызды қолдау болды.
Жарыс қорытындысы өңірлік күрес мектептерінің деңгейін де айқын көрсетті. Грек-рим күресінен U17 санатында жалпыкомандалық есепте Алматы облысы 130 ұпаймен көш бастады. Абай облысы 105 ұпаймен екінші орынға тұрақтаса, Шымкент қаласы 93 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. U20 санатында да Алматы облысының балуандары 131 ұпаймен бірінші орыннан көрінді. Шымкент қаласы 115 ұпаймен екінші, Ақтөбе облысы 104 ұпаймен үшінші орынға ие болды.
Әйелдер күресінде U17 санатында Алматы қаласының құрамасы 137 ұпаймен алға шықты. Түркістан облысы 108 ұпаймен екінші, Жетісу облысы 94 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. U20 санатында Алматы қаласының спортшылары 177 ұпаймен топ бастады. Түркістан облысы 144 ұпаймен екінші, Алматы облысы 113 ұпаймен үшінші сатыға көтерілді.
Ал еркін күрестен U17 санатында Шымкент қаласы 128 ұпаймен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Абай облысы 119 ұпаймен екінші болса, Алматы қаласы 118 ұпаймен үшінші орынды иеленді. Ұпай айырмасының аз болуы өңірлер арасындағы бәсекенің тартысты өткенін көрсетті. U20 санатында Алматы қаласы 177 ұпаймен көш бастаса, Түркістан 130, ал Алматы облысы 108 ұпайға қол жеткізді.
Чемпионатта спортшылардың күрес кезінде көрсеткен қайсар мінез мен шеберлік те федерация тарапынан арнайы бағаланғанын атап өткен жөн. Мәселен, «Қайсар рух» аталымы бозкілемде табандылық танытып, соңына дейін беріспеген балуандарға табысталды. Бұл жүлдеге еркін күрестен сынға түскен Айбек Қалияхмет (79 келі, Алматы облысы), әйелдер күресінде чемпион атанған Динара Дауылқызы (53 келі, Астана қаласы) және грек-рим күресінде топ жарған Дияр Аманәлі (55 келі, Шымкент қаласы) ие болды.
Ал «Дара тәсіл» аталымы жоғары техникалық шеберлігімен көзге түскен спортшыларға берілді. Еркін күрес өкілі Әділет Манап (79 келі, Алматы облысы), грек-рим күресінің балуаны Еркебұлан Әнапия (82 келі, Алматы облысы) және әйелдер күресінің бұрымды балуаны Назым Мұрат (65 келі, Абай облысы) бұл аталымның иегерлері атанды.
Сондай-ақ, чемпионаттың әділ өтуіне үлес қосқан төрешілер де марапатталды. Әйелдер күресінен Ксения Дробина, грек-рим күресінен Александр Грудин және еркін күрестен Талғат Мырзабек үздік төреші ретінде арнайы сыйақыға ие болды.
Қазақстандық балуандар рейтингтік турнирден олжалы оралды
Халықаралық турнирге қатысатын Қазақстан құрамасы белгілі болды
Зейнеп Баянова мен Лаура Алмағанбетова рейтингтік турнирде топ жарды