Беларусь Даниядан бір ұпай жұлып алды: Громыко — матчтың басты кейіпкері
Беларусь құрамасы Данияға қонаққа барып, 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчында алғаш рет ұпай алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұған дейін белорустар барлық ойында жеңілген еді. Үзіліске командалар Миккель Дамсгард соққан голдың арқасында Данияның минималды басымдығымен кетті.
Екінші таймның басында «Қайрат» лидері Валерий Громыко жарқырап көрінді: әуелі өзі есепті теңестірді, артынша Никита Демченкоға гол соқтыратын пас шығарды.
79-минутта Густав Исаксен таразы басын қайта теңестіріп, матч 2:2 есебімен аяқталды. Осылайша Беларусь іріктеудегі алғашқы ұпайына қол жеткізді. Данияның еншісінде — 11 ұпай.
Ойынға КПЛ өкілдері де қатысты: Громыкоға қоса Никита Корзун, Егор Хвалько және Макс Эбонг алаңға шықты.
Айта кетейік, Дания мен Шотландия топ-2 орынды ертерек қамтамасыз етіп қойған. Бірінші орынды кім алатыны 18 қарашадағы соңғы турда анықталады. Параллель матчта Шотландия Грекияға 2:3 есебімен жол берді, ал гректер мен белорустар топ-2 үшін күресті ертерек тоқтатқан болатын.