Дэвис кубогы: Қазақстан жасөспірімдері ширек финалда Жапониямен ойнайды

Шымкент қаласында Belline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогының Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде ширек финалға шыққан құрамалар анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жартылай финалға шығу үшін Жапония командасымен таласады.
Кеше Сергей Квактың шәкірттері Иранды 2:1 есебімен тізе бүктірген еді. Бүгін дәл сондай есеппен Қытайға есе жіберді.
Осылайша, қазақстандық жасөспірімдер өз тобынан ширек финалға екінші орынмен шықты.
Жеребе қорытындысы бойынша ертең сондай-ақ Аустралия – Қытай, Қытайлық Тайбэй – Өзбекстан, Корея – Гонконг құрамалары өзара кездеседі.
Үздік төрт команда жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.