Геннадий Головкин Сауд Арабиясының Бокс федерациясымен кездесті

Геннадий Головкин Сауд Арабиясының Бокс федерациясымен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин іссапармен Сауд Арабиясына барды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Эр-Риядтағы кездесуге Сауд Арабиясының Бокс федерациясының президенті Абдулла Аларби, Сауд Арабиясы ҰОК бас хатшысының кеңсе директоры Нассер Мунир, World Boxing ұйымының бас хатшысының міндетін атқарушы Майк Макатти және Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты.

Сауд Арабиясының Бокс федерациясы World Boxing ұйымына қосылғанын растады. Кездесу барысында тараптар олимпиадалық бокстың болашағын, оның ішінде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарындағы мәртебесін, сондай-ақ, бұл спорт түрін қолдаудағы Сауд Арабиясының рөлін талқылады.

Сонымен қатар жақында бокстың Бахрейн-2025 жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына енгізілуі де негізгі тақырыптардың бірі болды. Геннадий Головкиннің бұл бастамасы аймақтық деңгейде және Asian Boxing конфедерациясында кеңінен қолдау тапты. Бұдан бөлек, боксты Ислам ынтымақтастығы ойындарының бағдарламасына қосу мүмкіндігі қарастырылды.

Кездесу барысында World Boxing ұйымының беделін арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Ұйым аймақтық федерацияларды құру және жаңа елдерді тарту арқылы өз ауқымын кеңейтуде. Негізгі мақсаттардың бірі – Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) толыққанды мойындауына қол жеткізу.

World Boxing өкілдері әділ және ашық төрелік жүйесін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Ұйым төрешілер құрамын жетілдіру, біліктілікті арттыру курстарын өткізу және жасанды интеллектке негізделген заманауи технологияларды енгізу бағытында жұмыс істеуде. Бұл субъективті қателіктерді азайтып, жекпе-жектердің әділ бағалануын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына іріктеу жүйесі де талқыланды. Қазіргі уақытта іріктеу жүйесі әзірленіп жатыр, ал келесі жылы жолдамаларды бөлу құрылымы нақты бекітіледі.

Сауд Арабиясы Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы бастама көтерді. Бұл ынтымақтастық бірлескен оқу-жаттығу жиындарын, спарринг-сессиялар ұйымдастыруды, сондай-ақ менеджмент және бапкерлік қызмет бойынша тәжірибе алмасуды қамтиды.

"World Boxing федерациясы өз жұмысының негізгі бағыттары мен басымдықтарына ерекше назар аударып отыр. Маңызды серіктестермен ынтымақтастықты нығайту – басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінгі кездесу біздің мақсаттарымыз бен құндылықтарымыз көптеген елдің қолдауына ие екенін дәлелдейді.

Көптеген мемлекет бокстың тұрақты дамуына мүдделі және Сауд Арабиясының World Boxing құрамына қосылуы – ислам әлеміндегі бұл спорттың ілгерілеуі үшін үлкен қадам.

World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде менің басты мақсатым – боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтау",  – деді Геннадий Головкин.

Сауд Арабиясының Бокс федерациясы өз кезегінде World Boxing бастамаларына белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или