Өзбекстандағы қазақ боксшы Руслан Абдуллаев Golden Boy промоушенімен келісімшартқа отырды

Кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Руслан Абдуллаев аты аңызға айналған Оскар Де Ла Хойя жетекшілік ететін Golden Boy промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты inform.kz-ке сілтеме жасап.
22 жастағы Руслан кәсіпқой мансабында осы уақытқа дейін бір жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткен. Ол 7 наурыз күні Индиода өткен бокс кешінде Хосе Валенсуэла Альварадоны нокаутқа түсірді.
63,5 кг салмақта күш сынасып жүрген Русланның есімі қалың жанкүйерге жақсы таныс.
Өзбекстанда дүниеге келген дарынды боксшы кезінде Қазақстанның туы астында өнер көрсетуге құлшынып, жастар арасындағы ел біріншілігіне қатысты. Жартылай финалда Сабыржан Ақхалықовтан ұтылып, қола медальді қанағат тұтты. Содан кейін қайта Өзбекстанға оралды.
2021 жылы чемпиондық атаққа қол жеткізіп, ең үздік боксшыға тиесілі «Руфат Рыскиев кубогін» иеленді. 2022 жылы Азия чемпионы атанды. Аммандағы жарыстың 1/8 финалында Санатәлі Төлтаевқа сан соқтырды. Финалда Үндістанның үздігі Шива Тхапаны тізе бүктірді. 2023 жылы Ташкентте барлық қарсыласын сыпыра ұтып, төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды.