«Көш жүре түзеледі». Гвардиола өзбек футболшысына қолдау білдірді
«Манчестер Ситидің» бас бапкері Хосеп Гвардиола 20 жастағы өзбек қорғаушысы Абдукодир Хусановтың Англия чемпионатындағы «Челсиге» қарсы ойындағы (3:1) сәтсіз дебюті туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
— Оған қиын болғаны рас. Бір-ақ рет жаттығып, Джексон, Палмер, Мадуеке, Санчо секілді мықтыларға қарсы ойнады. Бұл жас футболшыны сатып алғаннан кейінгі міндетті процесс. Әлі үйренері көп. Қателік - ең жақсы сабақ. Көш жүре түзеледі. Сары қағазы болған соң, алмастыруға мәжбүр болдым. Оның орнына шыққан Стоунз үшін де кезінде алғашқы маусым қиынға соққан, - деді Гвардиола матчтан кейін.
Еске салайық, Абдуқодир Хусанов матчтың 3-ші минутында өреске қателік жасап, қарсыластың гол соғуына басты себепші болған еді. Кейін 4-ші минутта сары қағаз алды. Гвардиола өзбек ойыншысын ойынның 57-минутында ауыстырды.