Қазақстандық боксшылардың WBC рейтингіндегі орындары өзгерді

Қазақстандық боксшылардың Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) рейтингіндегі орындары жаңарды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Суперауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Иван Дычко 31-орында қалды. Осы салмақтағы өзбек боксшысы Баходир Джалолов бір сатыға төмендеп, қазір 10-орында тұр.
Германия намысын қорғайтын Қазақстан тумасы Роман Фресс ауыр салмақ рейтингінде топ-15 қатарына енді. Қазір ол 14-орынға көтерілді.
Бекзад Нұрдәулетов жартылай ауыр салмақ дәрежесінде 30-орыннан 32-орынға төмендеді.
Екінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Әли Ахмедов бір сатыға төмендеп, 13-орында тұр.
Орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов ұлыбританиялық Хамза Шираз бен кіші Крис Юбэнктен кейін үшінші орында тұр. Орта салмақтағы WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы — Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамес.
Садриддин Ахмедов бір сатыға төмендеп, бірінші орта салмақ рейтингінде 32-орынға түсті.
Жартылай орта салмақта өнер көрсететін Данияр Елеусінов бір сатыға төмендеді. Қазір ол WBC рейтингінде 22-орында тұр.
Бірінші жартылай орта салмақта Сергей Липинец үш сатыға төмендеп, 26-орынға орналасты. Батыр Жүкембаев 28-орыннан 34-орынға төмендеді.
Екінші жартылай жеңіл салмақта сынға түсетін Сұлтан Зәуірбек 31-орнынан 29-орынға көтерілді.