Черчесовтың көздегені қандай ой, қандай ойын?

Черчесовтың көздегені қандай ой, қандай ойын?

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жеңілісі, гол соқпауы әдетке айналған дәстүр болды. Ұлттар лигасында бір саты жоғарылап, В лигасына көтеріліп едік, бірақ оң нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Бұл жолы Словениядан ұтылдық. Топта соңғы орындамыз. Төрт ойында бір гол соқпадық. 

Ат басындай алтын ұсынып, бар жағдайын жасап, отыз күн өтініп, қырық күн жалынып шақырған Станислав Черчесов бапкер ұлттық құрамада 2013 жылдан бері болмаған антирекорд иесі атанды. Он бір жылдан бері Қазақстан қатарынан төрт ресми матчтың тым болмаса біреуінде алаңнан голсыз кеткен емес. Ұлттар лигасының 2022/2023 маусымында 8 гол соққан, кеше ғана өткен Еуропа чемпионатына іріктеуде 16 доп тоғытқан жігіттер гол соғуды ұмытып қалғандай. Кім кінәлі екенін дүйім жұрт болып түсіней алмай дал болдық. Былай қарасақ, ойыншылар ауыспады, бапкер ауысты. 

Черчесовтың көздегені қандай ой, қандай ойын?

Кезекті жеңілістен кейін Черчесов баспасөз маслихатында қазақстандықтарды «жақсы ойынмен» құттықтады. Бірінші таймда команданың шабуылдағы ойыны жүріп, қорғаныста азулы қарсыласқа аз мүмкіндік бергеніміз рас. Бірақ, екінші таймның қай тұсында, қай мезгілінде Станиславтың жақсы ойын көргенін түсіне алмадық. Сарапшылар матч алдында Черчесов қазақстандық футболшылардың мүмкіндіктерін бағамдай алатынына күмән келтірген. Пікірдің жаны бар секілді. Ұлттық құрама жеңіліп жатқан тұста Лев Скварцов, Асхат Балтабеков сынды қорғанысқа бейім футболшыларды алаңға шығарғанына жол болсын дедік. Себебін бас бапкердің өзінен сұрадық. Максим Самородов, Артур Шушеначевтің неліктен қосалқы құрамда қалғанын, Рамазан Оразовтың, тіпті, матчқа қатысатын футболшылар тізімінен неліктен табылмағанын сұрадық. «Ақылды сұрақтарыңды жиыстырып қойыңдар», «сенің тағы сұрағың бар ма»  деп өзімізге дүрсе қойды. Өркөкірек мінезімен Черчесов қазіргі таңда ұлттық құрамада үздіктер қатарына жататын Оразов, Самородовтармен қырғи-қабақ болып қалуы да бек мүмкін. Әр футболшыны зерттеп, қазақстандық футболшылардың психологиясын түсініп, соны дұрыс пайдалануға тырысқан Магомед Әдиев секілді бас қатырып отырсың ба Черчесов. Уақыт өтсе, қалта толса болды. 

Черчесовтың көздегені қандай ой, қандай ойын?

Қазақ футболының тарихында бұрын болмаған жетістікке жеткен Магомед Мұсаұлы Әдиевтің кезіндегі ұлттық құраманың футболы мен қазіргі футболды салыстырсақ, «өткенмен өмір сүрудің қажеті жоқ» деп тыржия қалатыны тағы бар. Бірақ, 2018 жылғы әлем чемпионатында Ресеймен бірге өз жерінде Сауд Арабиясы мен Египет секілді құрамалар бар топтан шығып, ХХI ғасырдағы ең осал Испанияны пенальти сериясында артта қалдырып, ширек финалға өткенін әлі ұмытпай, қазақ футболының, онымен қоймай, қазақ тілінің төбесінен мұрын шүйіре қарап, «өткеннің буымен жүрген» дәл өзі секілді. Баспасөз мәслихатында қазақша сұрақ қойған журналистке «қай тілде сөйлеп отсың, француз тілінде ме» деп кекететін өнері де бар екен. 

Федерация басшысы Әділет Барменқұлов бас бапкерге шексіз сенетінін айтты. Қазіргі цикл құрбандыққа кетсе де, Черчесов команданы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындайды деді. Қандай команда дайындап жатқаны Черчесовтың өзіне ғана аян. Командада прогресс көре алмай отырмыз десек, «сен қай футболды көріп жүрсің» деуден де тайынбайды. Ұлттық құраманың болашағын ойлап, жас футболшыларды қатарға шақырып жүргенін де байқамадық. 

Әдиевтің футболымен, нәтижесімен салыстыру өте заңды. Сол құрам. Сол футболшылар. Неге екені белгісіз, Магомед мырзаның кезіндегі секілді футболшылардың бойында рух, қайсар мінез, батылдық жоқ. Бұл қасиеттеріміз Черчесов келгелі ғайып болды. Жалпы, қазақстандық футболшыларды баптауға бұл бапкердің менталитеті келе ме деген заңды сұрақ та туады. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или