Шегінерге жер жоқ – артымызда Астана

«PROСПОРТ» тілшісі «Астананың» Чемпиондар лигасындағы мүмкіндігін зерттеп, алдағы «Атлетикоға» қарсы кездесуден не күтуге болатынын анықтап көрді.

Чемпиондар лигасы топтық кезеңнің аяқталуына үш тур қалды. Ел чемпионы «Астананың» «С» тобындағы жағдайы мәз емес, «Атлетико» мен «Бенфика» бес ұпайға, ал «Галатасарай» үш ұпайға алда келеді. Әрине, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шығу – біз үшін нағыз ерлік болмақ. Десек те, үшінші орыннан Еуропа лигасының 1/16 финалына жолдама алуымыз әбден мүмкін. Ол үшін, кем дегенде өз алаңында «Атлетико» мен «Бенфикадан» ұпай алып, сырт алаңда ыстамбұлдық «Галатасарайды» жеңуіміз қажет. Есесіне, түркиялық клуб сырт алаңда «Бенфика» мен «Атлетикодан» ұтылуы керек. Әзірге қазақстандық команда тіпті Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шығу мүмкіндігінен айырылған жоқ. Ол үшін ең бастысы өз алаңында «Атлетикодан» ұтылмай, ал «Бенфика» өз алаңында «Галатасараймен» ұпай жоғалту керек. Қалған екі кездесуді жеңіп жатсақ, онда нағыз сенсация біздің топта тіркелмек.

Ал енді «Атлетикоға» қарсы кездесуге тоқтала кетсек. Бұл ойынның қазақстандық жанкүйерлерге маңызы зор. Себебі бірінші рет біздің елімізге «Атлетико» сияқты «топ» команда келеді. Сапында Фернандо Торрес, Коке, Антуан Гризманн сынды шебер ойыншылары бар мадридтік команда осыдан бір жыл бұрын азулы «Барселона» мен «Реалды» артта қалдырып Испания чемпионатын жеңіп алған болатын. Тіпті Чемпиондар лигасын ұтуға да жақын қалды. «Матрасшылар» бұл жетістіктері үшін аргентиналық маман Диего Симеонеге қарыздар. Оның командаға келуімен «Атлетико» бірден «ТОП» командалардың қатарына еніп, жыл сайын кем дегенде бір үлкен жарыста топ жарып жүр. Биылғы маусымда «Атлетиконың» құрамасы кішкене өзгерді. Команданы соңғы жылдары сүйреп келген Арда Тұран мен Жоао Миранда «Барселона» мен «Интерге» ауысты. Соған қарамастан Диего Симеоненің шәкірттері қазіргі таңда Испания чемпионатында төртінші, ал Чемпиондар лигасындағы өз тобында бірінші орында келеді.

Бұл жолы қалай болмақ? Станимир Стойловтың «Висенте Кальдеронға» он төрт ойыншымен келгені барша Еуропаны таң қалдырды. Есесіне болгариялық маманның бұл шешімі өзін ақтады – «Астана» сырт алаңда «Қайратты» жеңіп, чемпиондыққа бір қадам жақындады. Диего Симеоне болса Астанаға барлық ойыншыларын әкеліп, топтағы тағдырын Қазақстанда шешіп тастағысы келетінін мәлімдеді. Қолынан келеді ме? Мұны уақыт көрсетеді. Ал «Астананың» не ойлап жатқаны әзірге белгісіз. Сондай-ақ, Бауыржан Жолшиев қолын қайта жарақаттап алды. Бірақ бас бапкердің айтуынша, «Атлетикоға» қарсы матчқа Бауыржан дайын болады. Еурокубоктарда биыл өз алаңында еш ұтылмаған «Астана» мадридтік командамен тең ойнаса үлкен жетістік болар еді. Яғни бұл жағдайда топтағы тартыс одан әрі жалғаспақ.

Жанкүйерлердің қолдауы мен жеңіске деген жігердің арқасында «Астананың» футболшылары Диего Симеоненің командасымен тең тарқасса еш таң қалмаймын. Әрине, жеңіл болмайтыны анық, бірақ «Атлетико» қарсылас командаға өз ойынын көрсетуге мүмкіндік беретін команда. «Реал» мен «Барселона» сияқты «прессингтің» арқасында жеңіске жетіп жүрген ұжым емес. «Атлетико» нағыз ұйымшыл-командалық ойын көрсетеді. Тура сол командалық ойынмен біздің «Астана» да бірталай жерге жетті. Демек, «Астана-Аренадағы» ойын өте тартысты әрі қызық болады.

Дайындаған: Қайсар ОҚАС

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или