ҚПЛ-2015. «Қайратқа» кім кедергі болады?

Футболдан ел чемпионатының аяқталуына санаулы тур қалды. Әзірше қарсыласын қоғадай жапырып, алға суырылған айқын көшбасшы жоқ. Алматылық «Қайрат», елордалық «Астана» мен «Ақтөбе» чемпиондық атақ үшін күресуде. Осы тұста «PROСПОРТ» тілшісі көш бастап келе жатқан «Қайраттың» алтын жүлдеге деген мүмкіндіктерін сараптап көрді.

«Қайраттың» чемпиондық үшін тартыста екі қарсыласы бар. Олар «Астана» мен «Ақтөбе». Соңғысы, шілде айынан бері өзінің үздік ойынын көрсете алар емес. Ақтөбеліктердің бапкері ауысып, нәтижесінде Йоан Андоне әлі де болса команданың ойынын бір ретке қойған жоқ. Бұған «Ақтөбенің» соңғы матчтардағы көрсеткіші дәлел. Команда ішіндегі көңіл-күй түсіп, рух нашарлаған секілді. Әйтпесе, білікті футболшылардан жиналған пентакампеондардың сүреңсіз ойынына басқа ештеңе себеп бола алмайды. Сондықтан, «Ақтөбе» лезде өз ойынын өзгертпесе, «Қайратқа» бәсекелестік көрсете алмайды.

Алматылықтарға қарсылық көрсету ел чемпионы «Астанаға» да ауыр болады. Елордалықтар әлі де болса, үш жарыста қатар ойнап жатыр, сондықтан футболшылардың шаршаңқы ойнауы заңдылық. Чемпиондар лигасындағы қиын матчтар елордалық ойыншыларды қажытатыны да анық. Биылғы маусым біткенше «Қайрат» пен «Ақтөбені» 7 ойын (6 ойын чемпионатта, 1 кубокта) күтіп тұр. Командалар ел Кубогында финалға шығып жатса, бір кездесуді қоса салармыз. Ал «Астана» осы маусым аяқталғанша әлі 13 (7 чемпионатта, 1 кубокта, 5 Чемпиондар лигасында) кездесу өткізеді. Қазақстан чемпиондарының ойын кестесі тым ауыр екенін өзіңіз де түсінген боларсыз. Сондықтан чемпионаттың соңғы матчтарында «Астана» ойыншылары тым шаршаңқы әрі сүреңсіз өткізсе немесе қосалқы құрамды ойнатса, таңқалмаңыз.

Ал «Қайрат» қазір жаралы жыртқыштың күйін кешіп отыр. Биылғы маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнауды мақсат қылған алматылықтар мәреге жете бергенде сүрінді. Алматыдағы «Бордоға» қарсы матчтың соңғы 15 минутын әлі де күйіне еске алатын шығар фанаттар. Ендігі мақсат – ел чемпионы атану. Осы жолда «жаралы жыртқышты» тоқтату оңай шаруа емес. Оның үстіне, Боранбаев мырза Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту қазақстандық клубтар үшін арман еместігіне көзін жеткізді. Қашан да, бірінші болғысы келетін «Қайраттың» ендігі мақсаты – Чемпиондар лигасында ойнау.

Ол үшін чемпионатта топ жару қажет. Ал енді «Қайраттың» алдағы матчтарына көз жүгіртсек. Осы аптада «Қайрат» өз алаңында негізгі қарсыластарының бірі «Ақтөбені» қабылдайды. Жоғарыда айтқанымыздай, «Ақтөбе» өте сылбыр өнер көрсетіп жүр. Демек, «Қайрат» көктемдегі жеңілістің есесін қайтара алады. Жалпы, алматылықтар алдағы алты ойынның екеуін ғана түзде өткізеді екен – алдымен Павлодарда «Ертіспен», артынша Ақтөбеде жергілікті клубпен күш сынасады. Ал Алматыдағы «Орталық» стадионға «Ақтөбеден» басқа, «Атырау», «Астана» және «Ордабасы» клубтары қонаққа келеді. Дәл қазіргі ойын өрнегін жалғастыра берсе, «Қайрат» биылғы маусымды табысты аяқтауы ғажап емес. Чемпиондықтың іргетасы қаланып тұр, ал оның қаншалықты сақталып қалуы – тек «Қайраттың» қолында.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или