Сейілда Байшақов: «Құрамада да ілгерілеу болады»

Қазақ баласының әлемдік футболда тартымды өнер көрсете алатындығын біздің бүгінгі кейіпкеріміз сонау 70-жылдары-ақ дәлелдеп қойған. Оның жарқырай көрінуіне, КСРО құрамасына алынуына сол кездегі сұрқия саясат та қарсы тұра алмады. Кезінде «Қайратты» өрге сүйреген капитан КСРО сапында Аргентинада өткен әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысты. Ал еліміздің басты мақтанышы болған «Қайратта» сегіз жыл бойы капитандық қызметті атқарды. Қазір де капитан. Бірақ ардагерлер арасында. Қорғаныс шебінде ойнаса, талай рет қарсылас қақпасын дәл көздеген мергендігі бөлек әңгіме. Осы қасиеттері оның талай жастың кумиріне айналуына себепкер болды. Аға буын әңгімемізге арқау болған тұлғаның кім екендігін жақсы түсініп отырған болар. Кейінгі ұрпақтың да Сейілда Байшақовты танымауы мүмкін емес. Даңқты футболшы тамыздың 28-інде өзінің 65 жылдық мерейтойын Алматы мен Астанададүркіретіп тұрыпатап өтті. Ағамыздың бас қалада өткен осындай бір қуанышына ортақтасу бізге де бұйырып еді.

–Аға, өткен аптада 65 жылдығыңыз қос қала Алматы мен Астанада дүркіреп өтті. Торқалы тойыңыздың атап өтілуі туралы пікіріңізді білсек...

– Айтулы күн деп федерация басшылығы менің осы тойыма орай өзің атап өткен екі қалада ардагерлер арасында футбол турнирін ұйымдастырды. Оған кезінде «Қайратта» бірге ойнаған командаластарым, өзге де футболшылар қатысты. Мерейтой деген себеп қой. Әйтпесе, мұндай додалар біз үшін қатарластарымызбен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесудің, бәрімізге ортақ дүние –футболды талқылаудың мүмкіндігі. Биыл да алдымен 28 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда ардагерлерден құралған «Арлан» футбол командасы өнер көрсетіп, ал Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қазақстан футбол федерациясының өкілдері мен Лига кеңесінен құралған команда өзара күш сынасты. Сондықтан «Қайрат» футболшысы ретінде осылайша құрметтеп, дүркіретіп футбол тойын ұйымдастырған жергілікті әкімдіктегілерге, федерация басшылығына, әріптестеріме зор алғыс айтамын.

– Мерейтой қарсаңызда тарихқа көз жүгіртуді жөн санадық. Сіздің заманыңыздағы «Қайраттың» ойыны әлі күнге дейін жұрт аузында аңыз болып айтылады. Тасқамал қорғанысын бұзу талай шабуылшылар үшін арман болып қалды. Өзіңіз келгенге дейін «бетонға» айналғанқорғаныс шебінде ойнау сіз үшін қаншалықты қиын болды?

– «Қайраттың» тарихында үздік ойыншылар аз болған жоқ. Қай шепті алып қарасаң да. Федотов, Ищенко, Асылбаев секілді футболшылардың алаңдағы қимыл-қозғалысы қандай еді?! Мен де сондай даңқты аяқдоп шеберлерімен қатар өнер көрсетіп, Алматы командасының қорғанысының берік болуына өз үлесімді қостым. Одан бөлек КСРО-ның жастар, кейіннен ересектер құрамасында ойнадым. Соны бағалаған футболсүйер қауым мені «Ғасыр футболшысы» деп таныды. Соған қарағанда жаман ойыншы болмаған шығармын. Әйтпесе, бұл атаққа үміткерлердің арасында мықтылар көп еді.

– Сіз футбол тарихында КСРО құрамасында өнер көрсеткен жалғыз қазақсыз. Жүздеген миллион халықтың арасында бапкер таңдауының нақ сізге түсуінің себебі неде еді?

–«Қайраттың» сапында Мәскеуде жергілікті «Динамоға» қарсы ойнадым. Тәп-тәуір тегеурін көрсеттік. Ол кезде «Қайраттың» рухы мықты ғой. Сол матчты КСРО құрамасының бас бапкері Михаил Семенов арнайы тамашалап, ойыннан кейін мені шақыртты да, Новогорскідегі жаттығу жиынына қатысатындығымды айтты. Бірақ оның мұндай шешіміне тек жалғыз ойыным ғана септігін тигізбегеншығар деп ойлаймын қазір. Оған дейін КСРО-ның жастар құрамасында өнер көрсеткенімді, одан қалды «Қайраттың» сапындағы тәжірибем мен команда капитаны екенімді ескерген болар.

– КСРО құрамасында ресми екі ойынға, 1978 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчтарына қатыстыңыз. Бірақ команда соның екеуінде де жеңіліс тапты.Сол сәтсіздікке сізді кінәлағандар болғанымен, бас бапкер оны жоққа шығардыдейді. Бірақ осыдан соң сіз құрамаға қайта шақырылмапсыз...

– Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде КСРО құрамасыжалпы төрт ресми ойын өткізді. Мен соның екеуіне – Венгрия және Грекиямен өткен кездесулерге шақыртылдым. Біз барымызды салдық. Бірақ сәттілік жолдас болмады. Әрине, қай кезде де кінәні біреуге арта салу оңай. Оның үстіне саясат сондай еді. Дегенмен біздің жеңілісімізге нақты бір адам себепкер деуге келмес. Себебі, футбол – командалық ойын. Өзіме жүктелген міндетті атқарып шықтым. Оны бапкер де білді. Іріктеуден әрі аса алмағандықтан сол құрам таратылды. Ал одан кейінгі біріншілікке қатысуға менің жасым мүмкіндік берген жоқ. Өйткені футболдаотызжастан асқан соң ардагер болып саналасың. Жастарға жол беру керек.

– Аға, өзіңіз қорғаушы болсаңыз да, қарсыластар қақпасынанталай рет саңылау тауып, әдемі гол соққаныңызды жұрт жақсы біледі. Әсіресе, «Қайраттың» дәстүрлі қарсыластарының бірі «Арарат» командасының қақпасын 40 метрден дәл көздегеніңіз ерекше оқиға. Сонда сіз арнайы дайындалатын ба едіңіз?

– Қақпаны дәл көздеу бала кезден пайда болған қабілет қой. Себебі, менің де өзге балалар секілді футболға деген әуестігім ауладан басталған. Қарсыластың қақпасына гол соқсақ, кәдімгідей қуанатынбыз. Кәсіби футболға да шабуылшы ретінде қадам бастым. Қателеспесем, 16-17 жасымда бапкер бойшаңдығымды, өзге де қабілеттерімді ескере отырып, маған қорғаныс шебінде ойнауға кеңес берді. Бірақ тәжірибе жойылып кетпейді ғой. Баспен соққы жасауым, соққыларымның жойқын болуымның себебі де сонда болса керек.

–Бапкер де қателеспеген ғой...

– Қорғаушы болғаныма еш өкінбеймін. Бапкердің осы шешімі жаңа қырымнан ашылуыма себепкер болды. Футболда қорғаныстың қаншалықты маңызды екендігін айту артық шығар. Сондықтан осындай жауапты бөлікті маған сеніп тапсырып, оны абыроймен атқара алғаныма қуанамын.

–Сейітжан деген ағаңыз болды. Ол да «Қайратта» ойнады деп естиміз.Сол кезде оның шабуыл шебіндегі өнеріне тамсанбаған адам жоқдейді. Сіз секілді аңыз футболшылардың қатарына ілінбей қалуына не кедергі?

– Алпысыншы жылдары Сейітжанды танымайтын, оны құрметтемейтін жан болмай-тын. Біздің қатарластар оны әлі де ұмыта қойған жоқ. Қазір ғой ұрпақ алмасып, ардагерлердің біразының аты мүлде аталмай кетті. Ол –шабуылшы болып туған адам. Табиғи дарын иесі. Тараздың «Металлисінен» Алматының «Қайраты» аттай қалап алдырды. «Қайрат» сапында да алаңға шығып, талайды тамсантқан. Бірақ оған сол кездері жол көрсететін адам болмаған секілді. Тараздан қайта шақырту түскенде, ойланбастан туған жерін таңдады. Яғни «Қайратта» толық ашылып үлгермеді. Әйтпесе, оны көпшілік Эдуард Стрельцовке теңейтін. Алаңдағы қимылы да содан аумайтын. Ал Таразға қайта барғанда, бәрі өзгеріп шыға келді. Бұл өткен өмір десек те, ағамның аты дүркіреген «Қайраттан» кету себебін әлі күнге дейін түсінбеймін.

–Ал сіз осы ағаңыздан басқа кімге қарап еліктеп өстіңіз?

– Футболға деген қызығушылық қанымызда болды. Әкем де, Сейітжан ағам да футбол десе, ішкен асын жерге қоятын. Сіз айтқандай,алғашындаСейітжанға қарап бой түзеп, сол сияқты даңқты болсам деп армандайтынмын. Ал кәсіби түрде футболшы атануымда Тимур Сегізбаевтың үлесі зор. «Қайратқа» алғаш ауысқанымда да клубқа сіңісіп кетуіме себепкер болған –Тимур Санжарұлы. Қай кезде де ақыл-кеңесін айтып, жол нұсқап отыратын.

– «Қайрат» сапында чемпионаттағы талай үздіктерге қарсы ойнадыңыз. Сол заманның жұлдыздары Виталий Старухин, Януш Гаворда, Олег Блохин секілді сұрмергендерге қарсы қалай дайындалатын едіңіз?

– Әр заманның өз жұлдызы болады. КСРО-да да әлем мойындаған үздіктер аз емес еді. Бірақ қарсыласыңның атақ-даңқына мән берсең, жетістікке жетуің мүмкін емес. Алаңдафутболшының бәріне берілетін мүмкіндік тең. Тек соны сәтті пайдалану қажет. Мен оларға жұлдыз деп емес, қарсылас деп қарайтынмын. Әрі біз бәріміз құрдаспыз. Қарсыласымның кім екендігіне бас қатырмай, бәріне бірдей дайындалдым.

– «Қайратта» 300-ге жуық матч өткізіпсіз. Солардың ішінде ерекше есте қалғаны қайсы?

– Өмірімнің бір бөлшегі «Қайрат» сапында өтті. Қызықты да, қиындықты да көрдік. Клуб намысын абыроймен қорғауға тырыстық. Сондықтан сол ойындардың әрбірі мен үшін маңызды, әрбірі ерекше. Оларды бөле-жара айта алмаймын. Бірақ КСРО құрамындағы матчтың аурасы бөлек.

– Талай жыл «Қайраттың» капитаны болдыңыз. Көшбасшы ретінде таяқ та аз тимеген шығар?..

– Бізде капитан жасырын дауыс беру арқылы анықталатын. Сайлау деген мүлде жоқ. Командаластарым жауапты қызметті сегіз жыл бойы маған тапсырып келді. Қазір де капитанмын. Әрине, командаңның мұңын басшыларға жеткізу, кем-кетікті айту капитанның міндеті. Кейде жеңіліс құшсақ, сөз еститінбіз. Кейде мақтайды.

– Көпшілік сізді мінезі жайсаң, артық ауыз сөзі жоқ адам ретінде біледі. Команданы өрге сүйреушіге мінез де керек емес пе?

–Жалпы, жігітке мінез керек. Мен де жуас болған жоқпын. Қажет кезде басшылармен де, әріптестеріммен де мәселелерді «түсінікті» тілде шешетінмін.Командада алдымен тәртіп қажет. Бірақ үлкенге құрметті, кішіге ізетті ұмытқан емеспін. Ал жайсаң болсам, ол қазіргі қалпым ғой (жылы жымиып). Өмір үйретеді. Жас емеспін. Ұстамдылыққа, күйгелек болмауға тырысамын.

–«Қайратты» ғана емес, қазақ футболын өрге сүйрегендердің көшін сізден бөлек тағы екі футболшы – Тимур Сегізбаев пен Құралбек Ордабаев бастайды. Бірақ осы екі даңқты футболшымыздың арасында көп сөз жүрді. Саусақпен санарлық саңлақтарымызды бір-біріне қарсы қою кім үшін тиімді?

– Бір-бірімізді сыйлап, құрметтеп өткенге не жетсін?! Бірақ өмір болған соң, әртүрлі көзқарас болады, түсінбестіктер орын алып жатады. Екі футболшымыздың дәл осындай келеңсіздікті айналып өте алмағаны менің де жаныма батады. Бірақ осы дауда Құралбек Ордабаевтың әрекеті, айтқан сөздерін түсінбеймін. Адами тұрғыда дұрыс емес. Сондықтан бұл оның арына сын деп есептеймін.

– Бүгінде футбол –миллионер атануға мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Футболшыларымыз тәп-тәуір жалақы, сыйақы алады. Бірақ көрсеткіш көңіл көншітпейді. Сонда қазір не өзгерді?

– Екі заманды салыстыру, бәлкім, дұрыс емес болар. Себебі, бізде білім тегін болды. Өмір сүру әлдеқайда оңай еді.Өйткені барлық жағдайды жасап берді. Тіпті, біздің тапқан қаржымыз бүгінгі жалақыға да тең болған шығар. Осылайша біз ақша табуды, байлыққа кенелуді немесе жетіспеушілікті ойлап, уайымдаған жоқпыз. Ал қазір мүлде бөлек. Бәрі ақшаға келіп тірелетіннарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Тиісінше адамдардың сұранысы да басқа.

–Біреулер бүгінгі жастардың бойында намыс жоқ деп жатады. Нәтиженің төмен болуының басты себебі де осы дегенді алға тартады. Бұл шындыққа қаншалықты жанасымды?

– Қазақты, соның ішінде бүгінгі ұрпақты да намыссыз дегенмен келіспеймін. Әрине, қазіргі таңда өмір үшін қаржының маңыздылығы орасан. Әлгінде де айттым ғой, нарық заманы деп. Бұрын басшылық алаңға шығасың, жаныңды салып ойнайсың десе, айтқандарын бұлжытпай орындайтынбыз. Оған тәрбиенің бөлектігі де себеп. Алайда уақыт өте құндылықтар өзгеруі мүмкін. Дегенмен жастарымыз ел абыройы үшін күресу, жігерлілік таныту деген қасиеттерден кенде емес. Нәтиже төмендеу болса, оған әсер етуші факторлар бар. Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, қазір ол факторлар бірте-бірте азайып келеді. Тіпті, биылғы «Қайраттың», «Астананың» өнері әлемді таңғалдырып жатыр. Аты дардай қарсыластарды есеңгірету мүмкіндігіне жас клубтарымыз сол намыстың арқасында жетіп отыр емес пе?! «Қайратты» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өте алмай қалды демесеңіз, оның ойынына сын таға алмайсыз. Тек сәттілік жетіспеді. Ал «Астана» Еуропаның үздік 32 клубының қатарына еніп отыр. Бұл да аспаннан түсе салған жеңіс емес. Кәрі құрлық клубтарының деңгейін бәріміз жақсы білеміз. Енді елорда командасына топтық кезеңде сәттілік тілеймін. Олардың ел сенімін ақтауда аянып қалмасына сенімдімін.

– Ал құрамамыз туралы не айтар едіңіз? Еуро-2016-ның іріктеу кезеңіне қатысып жатқан жерлестеріміздің қоржынында әзірге екі-ақ ұпай бар...

–Мұндайда шыдамдылық керек. Клубтарымыз нашар дейтінбіз. Міне, алды Чемпиондар лигасында өнер көрсеткелі жатыр. Көп ұзамай құрамада да ілгерілеу болады. Ол қазір де бар. Тек аздап уақыт қажет.

– Сіз Футбол федерациясында балалар футболына жауаптысыз. Елімізде балалар футболының даму деңгейі қандай?

– Қазір футболға балалар арасында қызығушылық жоғары және олардың өз-өздерін шыңдауға, көрсетуге де мүмкіндіктері жетеді. Яғни «Coca-Cola Былғары доп» турнирі де талай бүлдіршіннің бағын ашатынына сенімдімін. Одан бөлек те көп дода бар. Астана, Шымкент қалаларында футбол академиялары ашылуда. Оған білікті бапкерлер тартылуда. Сондықтан болашаққа сеніммен қарай аламыз.

– Тараздың дарындарға жол көрсетер футбол мектебі мықты еді. Жамбылдың бүгінгі күйі туралы не айтар едіңіз?

– Ол кезде біздегі футбол мектебі мықты болды. Евгений Ротт балаларды тани білетін маман еді. Бүгінде сондай бапкерлер аз, нәтиже де ауыз толтырып айтуға келмейді.

– Аға, отбасыңыз туралы бірер сұрақ. Қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың күйеу баласысыз. Яғни құдай қосқан жарыңыз Мәриямгүл апай қазақ футболының отаны Семейде туса, сіз футболшы шығаратын «зауытқа» айналған Тараздың тумасысыз. Екеуіңіз қалай таныстыңыздар және ол кісі сіздің айлап үй бетін көрмейтін «әдетіңізге» қалай қарайтын?

–Мәриямгүлмен 1972 жылы кездейсоқ таныстық. Оның атақ-даңқы алысқа кеткен Бибігүл Төлегенованың қызы екендігін білдім. Таныстығымыз сезімге

ұласып, 34 жыл бір шаңырақтың астында тұрдық. Ол үнемі мені қолдап, демеп отыратын. Түсіністік танытатын. Бүгінде екеуміздің ортақ балаларымыздан тараған немере тәрбиелеп отырған жайым бар.

– Ал өнер жұлдызының күйеу баласы болу оңайға соқпаған шығар?

–Бибігүл апай мен үшін екінші анамдай. Оның қамқорлығын, мейірбандығын сезудің өзі бір бақыт. Сондай жүрегі кең ананың баласы болғаныма шын қуанамын.

– Сіздің жолыңызды қуған ұрпағыңыз бар ма?

– Балаларымның футболшы атануын өзім құп көрмедім. Немерелерім өсіп келеді. Өз жолдарын таңдай жатар. Бірақ әзірге футболға қызығушылықтары байқалмайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

ҚФФ ресми сайтынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или