«Жағдайды өзгертті». УЕФА Қазақстанның камбэгін бағалады
Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) ресми сайтында<span> Финляндия мен Қазақстан арасындағы матч нәтижесі туралы материал жарияланды, деп хабарлайды </span>Prosports.kz.
«Қазақстан Хельсинкиде жігерлі жеңіске жетті және финалдық кезеңге тікелей жолдама үшін күресті жалғастырып жатыр.
Алаң иелері басымдықты тез қолға алды, Игорь Шацкий Каан Кайринен мен Николай Алхоның соққыларын тоқтатты. Бірақ 28-минутта қазақстандық қақпашы Роберт Тейлордың айып добын қайтара алмады.
Бір сағатқа жуық уақыт бойы ойын суреті аса өзгерген жоқ, Даниэль Хоканс финдердің басымдығын нығайта алар еді, бірақ өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Осыдан кейін қазақстандықтар жағдайды өзгертті. Бәрі Асхат Тағыбергеннің допты қақпа маңдайшасына тигізуімен басталып, екі голмен жалғасты.
77-минутта Ричард Йенсен өз айып алаңында қолмен ойнап, Бақтиер Зайнутдинов пенальтиді сәтті орындады. Ойын соңына қарай ол бұрыштамадан көтерілген допты қақпада тулатып, Магомед Адиевтің командасына өте маңызды үш ұпайды әкелді.
Дерек: финн қақпасына дубль жасағаннан кейін Зайнутдинов 14 голмен Қазақстан құрамасының тарихындағы үздік сұрмерген атанды», - делінген мақалада.